Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Telegram-да оқушылардың академиялық тұрақтылығы туралы жазды. Оның сөзінше, көптеген зерттеу отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайы оқушының мектептегі үлгеріміне айтарлықтай әсер ететінін көрсетеді. Мысалы, жағдайы төмен балалардың оқу үлгерімі нашар. Алайда барлық оқушы қолайсыз жағдайлардың теріс әсеріне көнбейді, кейбіреулері бейімделу және кездесетін қиындықтарды жеңудің жоғары қабілеттілігін көрсетеді.
"PISA зерттеуінде бұл қабілет академиялық резильенттілік, яғни төзімділік деп аталады. Академиялық тұрақты студенттер – бұл әлеуметтік-экономикалық проблемаларға қарамастан, қиындықтарды жеңіп, мектепте жоғары үлгерім көрсете алатын студенттер", – дейді министр.
PISA зерттеуі көрсеткендей, Қазақстанда білім алушының әлеуметтік-экономикалық жағдайы оның табысқа жетуіне кедергі бола алмайды. Мәселен, Қазақстанда білім алушылардың 16%-ы академиялық тұрақты (ЭЫДҰ-11,3%). Қазақстан осындай балалардың үлесі жоғары елдердің алғашқы бестігіне кірді.
"Академиялық тұрақтылыққа ие білім алушылар көбірек оқуды ұнатады, тапсырмаларды орындау үшін көп жұмыс істеуге тырысады және өз мақсаттарын қою мен оған қол жеткізудің үлкен қабілетін көрсетеді. Қазақстанның нәтижелері мұндай білім алушылардың академиялық тұрақсыз білім алушыларға қарағанда өз мақсаттарын қоюға және орындауға неғұрлым бейім екенін статистикалық тұрғыдан көрсетті", — деп жазды Асхат Аймағамбетов.
Минстрдің айтуынша, оқушылардың академиялық тұрақтылығы өздігінен қалыптаспайды, ол көптеген фактордың әсерінен дамиды. Тұрақтылық ата-ана мен мұғалімнің қолдауымен, мектептегі ынтымақтастықпен, қолайлы мектеп климатымен және оқушының өзінің қабілеттеріне деген сенімділігімен байланысты (ЭЫДҰ, 2019).