Қазақстан Абай облысындағы орман өртін сөндіру үшін көрші мемлекеттерден көмек сұрай ма? Бұл туралы журналистер үкімет кулуарында премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтан сұрады.
"Жалпыұлттық аза тұту күніне орай көрші мемлекеттің басшылары президентке көңіл айту жеделхатын жолдады. Сонда олар көмек көрсетуге дайын екенін жеткізген еді. Қазақстан олардан көмек ала ма? Әлде біз өртті өзіміз өшіре аламыз ба?" – деп сұрады.
"Өшіре аламыз деген үміттемін. Бірақ көрші мемлекеттерден көмек сұрау туралы мәселені құзырлы министрлік – төтенше жағдайлар министрлігінен сұрау керек. Мүмкін ондай жұмыстар жүргізіліп те жатқан болар. Себебі, бұл жағдайда техника, нақты есептер керек", – деді Ерұлан Жамаубаев.
Оқи отырыңыз: Абай облысындағы өртке байланысты Даниал Ахметов жауапқа тартыла ма?
Сонымен қатар ол орман шаруашылығы комитетін қаржыландыруға қанша қаражат бөлінгенін айтты.
"2023-2025 жылдарға арналған үш жылдық бюджетте 121,5 млрд теңге, ағымдағы жылға 52,7 млрд теңге қарастырылған. Біз министрлікті белгіленген стандарттар бойынша қаржыландырамыз. Бір жылда барлық техниканы жаңарту мүмкін емес екені анық. Сондықтан мұны тексеру керек. Қазір қосымша қаражат қарастырылып жатқан жоқ. Комиссия жұмыс істеп жатыр. Өрттің шығынын қарау керек. Ол әртүрлі болады. Жанып кеткен үйлер, малдың шығыны, материалдық шығын болуы мүмкін. Бәрін есептеу керек. Қажет болған жағдайда Үкіметтің, жергілік атқарушы органдардың резерві, ірі кәсіпорындар бар. Соның бәрін сараптап, дұрыс шешім қабылдаймыз", – деді Ерұлан Жамаубаев.