Тікелей эфир

"Қазақ тіліндегі діни сөздер мен терминдердің орфографиялық сөздігі" жарыққа шықты

Кітап ҚМДБ сараптау коммиссиясының мақұлдауынан өткен.

ҚМДБ баспасөз қызметі "Қазақ тіліндегі діни сөздер мен терминдердің орфографиялық сөздігі" кітабы жарыққа шыққанын хабарлады. Жинақ ҚМДБ сараптау коммиссиясының мақұлдауынан өтіп, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Ғалымдар кеңесінің хаттамасымен баспаға ұсынылған.

Жинақтың танытымына Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған Ғұламалар кеңесі мүшелері қатысты.

"Тәуелсіздіктен кейін шыққан діни әдебиеттерде, аудармаларда, ғылыми еңбектерде, әлеуметтік желілерде, тіпті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мақұлдауымен жарыққа шыққан еңбектер мен ҚМДБ-ға қарасты сайттарда да діни сөздердің, терминдердің жазылуында бірізділіктің жоқ. Әсіресе, діни еңбектерді аударма жасағанда араб, түрік, парсы, орыс тілдерінің ықпалы көрініс беріп жатады. Осыны ескеріп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қазақ тілінің ережелеріне сай дін саласындағы сөздер мен терминдердің жазылуын бірізге түсіруді қолға алды. Бұл – қазақ тіліндегі діни сөздердің алғашқы орфографиялық сөздігі", – деді Бас мүфти.

Сөздікте қазақ мәтіндеріндегі діни сөздер мен сөз тіркестерінің және діни терминдердің дұрыс жазылу емлесі көрсетілген. Сөздіктің негізгі мақсаты – ислами дискурстағы және жалпы әдеби тіл мәтіндеріндегі діни сөздердің дұрыс жазылу нормасын көрсету. Діни сөздердегі араб тіліне тән кей әріптердің жазылуына қатысты ескертулер жеке ереже ретінде берілді.

Сондай-ақ сөздікті құрастыруда қазақ тіліндегі 500-ден астам діни және әдеби еңбектер, оқу құралдары, монографиялар, ғылыми мақалалар, БАҚ материалдары, діни ресми сайттар пайдаланылды.

Сөздіктің құрастырушысы және редакторы – филология ғылымдарының кандидаты Рашид Мұхитдинов, жауапты редакторы – фиолология ғылымдарының докторы, профессор Құралай Күдеринова.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары