ҒЖБМ Тіл саясаты комитеті дайындаған Қазақстанда тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдасының жобасында қазақ тілін үйренгісі келетін қазақстандықтарға жергілікті әкімдіктер есебінен ваучер беру мәселесі қарастырылған.
Тіл саясаты комитетінің түсіндіруінше, "Тілдік ваучер" жобасы қазақ тілін тегін оқуға қолайлы жағдай жасайды. Жобаны жергілікті әкімдіктер есебінен қаржыландыру көзделіп отыр. Ал оқытуды жекеменшік тіл орталықтары жүзеге асырады.
"Мысалы, номиналды құны 5 мың теңге болатын тілдік ваучерді тіл оқып-үйренуге ниет білдірген кез-келген азамат алып, ол арқылы кез-келген жекеменшік тіл курсқа қатысады. Курс нәтижесі бойынша Қазтест сынағын тапсырып, алған білімін растайды. Тестілеу нәтижесі қанағаттанарлық болған жағдайда, орталық ваучерлердің номиналды құнына сәйкес көрсетілген қызметтер үшін мемлекеттен нақты қаржы алады", – деп түсіндірді Тіл саясаты комитеті.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда Siri мен "Алисаның" баламасы – "Айсана" виртуалды роботы жасалады
Ваучер конкурс негізінде беріледі және оның саны шектеулі болады. Мәселен, бір адамға 10 ваучерден артық берілмеуі мүмкін.
Ваучерлер белгілі бір конкурстық негізде тіл үйренушілер арасында шектеулі сандық мөлшермен (мысалы бір қолға 10 ваучерден артық берілмейді) таратылады.
"Тіл оқыту жұмысының жекеменшік секторға берілуінің де басымдықтары жоғары. Тілдік ваучерлерді енгізу есебінен жекеменшік тіл орталықтарының, мектептердің саны артады, оқытушылардың арасындағы бәсекелестіктің нәтижесінде қазақ тілін оқыту әдісі мен әдістемесі жетіле түседі, жаңа жұмыс орындары пайда болады, мемлекеттік тілдің танымалдылығын арттыру қоғамды ұйыстырудың басты тетігіне айналып, қазақтілді орта қалыптасады" делінген тұжырымдама жобасында.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда тұратын өзге ұлттардың қанша пайызы қазақ тілінде сөйлейді?
Құжатты жария талқылау мерзімі – 21 сәуірге дейін.