Қазақ оқытушысы Әйгерім Әлиасқар АҚШ-та Гарвард университетінде сабақ береді

Ол жұмыспен қатар Гарвард университетінің Extension School деп аталатын факультетінде бизнес саласы бойынша білім алып жатыр.

Астанада Назарбаев университетінде оқытушылықпен айналысқан ғалым Әйгерім Әлиасқар АҚШ-та Гарвард университетінде ашылған қазақ тілі курсына оқытушы болып қабылданды. Бұл туралы ғалым Информбюро порталына берген сұхбатында хабарлады. 

Әйгерім Әлиасқардың айтуынша, жұмыспен қатар, ол Гарвард университетінің Extension School деп аталатын факультетінде бизнес саласы бойынша білім алып жатыр. 

"Әлемнің үздік профессорларынан сабақ алу – баға жетпес мүмкіндік. Университет студенттерінің деңгейі өте жоғары. Курс кезінде әлемдегі алпауыт компаниялардың кейстерін талдап қана қоймай, түрлі стартаптармен етене жұмыс жасап, стратегиялық басқару, ұйымдық көшбасшылық және қаржылық талдау дағдыларымызды дамыттық. Сондай-ақ, бизнес процесстерді оңтайландыруды тәжірибе арқылы меңгеріп келеміз. Ең бастысы, сан ғасырлық тарихы бар Гарвардта білім алу кез-келген қазақ жастарына қолжетімді екеніне көз жеткіздім", – деді Әйгерім Әлиасқар. 

Оның айтуынша, АҚШ-тың Массачусетс штатында 100-ден аса университет бар. Бұл штаттағы білім беру ісі, оның ішінде мемлекеттік мектептердің рейтингі өте жоғары. Сондықтан, АҚШ-та, оның ішінде Массачусетсте білім алып жатқан қазақ жастарының саны жылдан-жылға артып келеді. 

"2023 жылдың қараша айында Гарвард университетінде қазақ тілі курсын ашу жоспарланып, оқытушы мұғалімге байқау жариялады. Сол байқауға құжаттарымды тапсырып, барлық сатысынан сәтті өтіп, жұмысқа шақырту алдым. Осылайша, арман болған Гарвардтағы оқуым қызметке жалғасып жатыр", – деді Әйгерім Әлиасқар. 

Дегенмен, ғалым АҚШ университетінде алған білімі мен тәжірибесін Қазақстанда білім беру саласын дамытуға жұмсауды мақсат етіп отыр. 

"Ұлттық құндылықтарды бойға сіңіріп, оң-солыңды танып барып Америкаға келгендіктен, сен үнемі осында көрген жақсылықтарды, жаңашылдықтарды өз еліңе апаруды ойлап, идеяға толып жүресің. Әлемнің азаматы болып еліңді сүйгенде бос ұрандай бергеннен де көп нәрсе бере аласың деп санаймын. Арман мен мақсат көп. Жүзеге асыруды ойластырып жүрген жобалар да жетерлік. Бұйырса, елге үлкен құлшыныспен, мол тәжірибемен ораламын", – деді Әйгерім Әлиасқар.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары