19 наурызда АҚШ-та қайтыс болған еркін күрестен жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы, жасөспірімдер арасындағы Азия және әлем чемпионатының жүлдегері Қуатбек Мұхамбеттің жеке бапкері Асқар Бақбергенов Sportbugin порталына берген сұхбатында спортшының өліміне қатысты ойын айтты.
"Қуатбек АҚШ-қа неге кетті? Күнкөріс үшін. кезде Қазақстан чемпионының айлығы 150 мың теңге еді. Оған кім жан баға алады? Егер спортшы үйленетін болса, бала-шаға, әйелі, басқа да проблемалары шығады. Азғантай ақшамен отбасын асырау оңай емес. Америкада қара жұмыс істеді. Жүк тасушы болды, жүк көліктерінің тұрағында күзетші болды. АҚШ-қа жұмысқа кеткен отандық балуандар өте көп. Бір айда 2-3 миллион теңге табатынына қызықты бәрі. Алғашқы үштікте жүрген, әлеуеті мықты, талантты деген талай балуан кетіп қалды. Америкадағы жұмыстың жарнамасы да желдей есіп тұр ғой қазір. Қуатбектің қазасын естігенде, мүмкін, солармен төбелесті ме деген ой келді. Бірақ жаназасына бардым. Жуындырғанда ешқандай зорлық белгілері болмаған. Жүрегі тоқтап қалғанына сендім. Ол түнімен, ұйықтамай да жұмыс істейтін. Сондай кезде энергетикалық сусынды көп ішті ме деген ой қылаң береді. Әйтпесе, тепсе темір үзетін жігіт қой", – деді бапкер.
Оқи отырыңыз: 27-летний казахстанский борец погиб в Филадельфии
Оның айтуынша, мықты спортшы бола тұра, күнкөріс үшін шетелге қара жұмысқа кетіп жатқандар көп. Бұл орайда ол Америкада жүрген тағы бір отандық балуанның оқиғасын айтып берді.
"Хусейн Муцольгов деген грек-рим күресінің шебері бар. Ол ұлттық құрама мүшесі, өз салмағының көшбасшысы еді. Бірде жарақат алып, соны емдейтін қаражат таба алмады. Дәрі-дәрмегінің ақшасын да ешкім тауып берген жоқ. Әйтпесе, жақсы нәтиже көрсетіп жүрген жігіт қой. Міне, сол Хусейн де қазір АҚШ-та жүр. Ағасы емделуге шақырып, кейін жұмысқа қалып қойды. Талантты жігіттер қазір осылай кетіп жатыр", – деді Асқар Бақбергенов.
Еске салайық, Қуатбек Мұхамбет 19 наурызда АҚШ-та қайтыс болған. Сот сараптамасының қорытындысы бойынша, оның жүрегі тоқтап қалған.