Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов жылыту маусымын бастауға қазандықтар мен турбиналар дайын екенін мәлімдеді.
"Жылыту маусымын бастауға қазандықтар мен трубиналар дайын. Мәселен, Павлодар қаласында әлеуметтік нысандарға жылу беріле бастады. Барлық станцияда 4,7 млн тонна көмір қоры бар. Қор жинаудың 10 және 20 тәуліктік нормативі бар. Көмір өндіретін кеніштер станциядан 200 шақырымнан жақын болса, онда 10 тәулікке, ал одан алыс болса 20 тәулікке жететін қор болуы керек. Бұл нормативтер жылыту маусымы басталғаннан қолданыста болады. Қазіргі уақытта станциялардың 90 пайызында қор жиналған. Екі-үш мекемеде бұл жалғасып жатыр. Мазутпен қамтамасыз ету мәселесі де бақылауда тұр. Бүгінде 90 мың тоннадай мазут бар. Бізде мазутпен жұмыс істейтін станция жоқ. Бірақ мазут от жағу үшін қажетті қосымша отын саналады", – деді вице-министр.
Жүйелік оператордың жөндеу кестесіне сәйкес электр станцияларында биыл 10 энергоблокта, 55 қазандықты және 45 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған. 5 энергоблокта, 30 қазандықта, 26 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды. 4 энергоблокта, 24 қазандықта және 18 турбинадағы жөндеу жұмыстары әр түрлі кезеңдерде жүргізіліп жатыр.