Салтанатты шараға Парламент Сенатының депутаты Наурызбай Байқадамов, жауапты сала басшылары, еңбек ардагерлері мен аудан тұрғындары келді. Аймақ басшысы Қазалы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жетістіктерге және Сыр спортындағы жаңалықтарға тоқталды.
"Өздеріңізге белгілі, Президентіміздің, Үкіметтің қолдауымен Сыр өңірінде мақсатты бастамалар қолға алынып, ауқымды жобалар жүзеге асуда. Екі жыл бұрын облыс бюджеті 364 млрд. теңге болатын, бүгінде 744 млрд. теңгеден асты. Бұл қаражат аймақтың ең өзекті деген мәселелерін шешуге бағытталды. Ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру арқылы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға баса көңіл бөлінді. Өткен жылы Қазалы ауданының бюджеті 13 млрд. 600 млн. теңге болса, биыл 17 млрд. 600 млн. теңгеге жетіп, 18,7 пайызға өсті. Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының аралығындағы аудандық маңызы бар автомобиль жолы қайта жаңғыртылуда, 29 шақырым жолдар мен көшелер жөнделуде, – деді Н. Нәлібаев.
"Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы аясында кенттегі Жанқожа батыр, Әйтеке би көшелерін қайта жаңғыртуға қаржы бөлінді. Үш елді мекеннің (Әйтеке би кенті, Қазалы қаласы және Қожабақы ауылы) электр желілері жаңғыртудан өтуде. Аудан орталығында "Руханият орталығы", Жанқожа батыр ауылында "Жайлы мектеп" ұлттық жобасымен 300 орындық мектеп құрылысы қарқын алды. Биыл Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының аралығына салынуы жоспарланған 600 орындық мектептің құрылысы басталады. Соңғы жылдары аймағымызда заманауи спорт нысандары көптеп бой көтеруде. Өткен жылы 13 спорт кешені салынып, оның 9-ы пайдалануға берілді. Бүгін өздеріңізбен бірге "Әмір Арена" жаңа спорт кешенін ел игілігіне табыстаймыз. Қазалылық жас жеткіншектер осы кешенде жаттығып, шарболаттай шынығып, көк байрағымызды көкте желбіретсін!", – деді Н. Нәлібаев.
Салтанатты шарада спорт саласының қызметкерлері мен ардагерлеріне облыс әкімінің Алғыс хаты табысталып, облыстық мәслихат депутаты, "Қазалы кәсіпкерлер одағы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы, "Тілеп" ЖШС директоры Ибайдулла Тілеп құттықтау лебізін жеткізді.
Жеке кәсіпкер Шынар Өтегенованың демеушілігімен салынған 200 адамдық бұл кешенде жастардың футбол, баскетбол, волейбол, гандбол және күреспен шұғылдануына барлық жағдай жасалған.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі