Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға мемлекеттік сапармен келген Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевті Ақордада қарсы алды.
Алдымен Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Осыдан кейін мәртебелі мейманның сапарына орай Салтанатты рәсімдер залында сап түзеген құрмет қарауылының бастығы мемлекет басшыларына сәлемдік баянат берді. Президент оркестрі екі елдің мемлекеттік әнұранын орындады.
Әнұрандарды тыңдап болғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев кілемше бойымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туына қарай жүрді. Оның алдына келгенде мейман тоқтап, басын сәл иіп, өзінің құрметін білдірді. Сонан соң мейман мен президент құрметті қарауыл сапының бойымен жүрді. Құрметті қарауыл бастығымен қоштасты.
Қазіргі уақытта мемлекет басшылары шағын құрамдағы кездесуге өтті. Келіссөздер қорытындысында бірқатар маңызды құжатқа қол қойылады деп жоспарланып отыр.