Төтенше жағдай режимінің енгізілуіне байланысты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қазақстанның банк секторындағы ағымдағы жағдай туралы хабарлайды.
Агенттік мәліметінше, банк секторы тұрақты режимде жұмыс істеп жатыр. 2021 жылдың соңында банк секторының активтері 36,7 трлн теңгені құраған. Үздіксіз қызметті қамтамасыз ету және халық пен корпоративтік клиенттер үшін банктік қызметтердің толық тізбесін көрсету үшін екінші деңгейдегі банктердің меншікті капитал мен өтімділіктің айтарлықтай қоры бар.
"Банк секторының меншікті капиталы 4,6 трлн теңгені құрады. Бүгінде банктер капиталының жеткіліктілігі заңнамада белгіленген ең аз талаптардан 3 есеге асады. Өтімділігі жоғары активтер шамамен 12,3 трлн теңгені немесе активтердің 33,4%-ын құрады. Өтімділік нормативтерінің ағымдағы мәндері заңнамада белгіленген мәндерден 4 есеге асады", – делінген агенттік хабарламасында.
Ақша-кредит саясатын іске асыру шеңберінде банк секторы өтімділігінің қосымша қорын құру мақсатында Ұлттық банк тікелей және кері РЕПО операцияларын, депозиттік аукционды, Ұлттық банктің қысқа мерзімді ноттарын шығаруды қоса алғанда, екінші деңгейдегі банктерде өтімділікті беру және алып қою жөніндегі күнделікті операцияларды қайта бастайды.
Агенттік қажет болған жағдайда, ақша нарығында Қазақстан қор биржасында 3 айға дейінгі мерзімге РЕПО және своп операциялары арқылы өтімділікпен шұғыл қамтамасыз ету тетігі қолданылатынын айта кетті.
"Бүгінде банк салымшылары үшін тәуекелдер жоқ. Қазақстандықтардың банктердегі депозиттеріне заңнамаға сәйкес "Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры" АҚ кепілдік береді", – деді Агенттің сыртқы коммуникациялар басқармасы.
Агенттік қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында банк секторындағы жағдайды күшейтілген түрде мониторингтеуді жалғастырады.