Тікелей эфир

"Қарды ерітіп жуынамыз". Алматының Ақжарында ауыз су неге тоқтады?

Әкімдіктегілер мұны селден қорғау жұмыстарымен байланыстырды.

Алматы қаласының Ақжар ықшам ауданына қарасты бірнеше саяжай тұрғындары бір айдан бері ауыз сусыз отыр. Олар күнделікті тұрмыста қар суын ерітіп пайдалануға мәжбүр, деп хабарлайды 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы. 

Саяжай тұрғындарының айтуынша, су таситын көлік те шақыра алмайды. Күнделікті шамамен 20 шелек су тасиды. 

"Бір айдан бері сусыз отырғанымызға әкімдіктегілер неге назар аудармайды? Бастапқыда карталарында жоқ екенін айтып, кейін бригада жіберді. Алайда, олар көшелерді араламай, тек құмтұтқышты қарап кетіп қалды. Қалада да көмектесетін ешкім жоқ", – деді Ақжар ықшам ауданының тұрғыны Александра Никалау. 

Тұрғын Марат Найзабаев ауладағы қарды жинап еріту үшін күнде таңғы сағат 6-дан бастап қамданады. 


Оқи отырыңыз: Қазақстандықтар ауыз сумен байланысты шағымдарын интерактив картада қалдыра алады


"Қардың суы лас болғандықтан, оны іше алмаймыз. Бұл суды тұндырып, тазасын бөлек құйып аламыз. Оның өзі жуынуға ғана жетеді", – деді Ақжар шағын ауданының тұрғыны Марат Найзабаев.

Алайда, Наурызбай ауданының әкімдігі ауыз судан тарығып отырғандардың жоқ екенін айтады. Тауда Ақсай өзенінің бойында селден қорғау жұмыстары жүргізілгендіктен, лай суды жібермес үшін суды тоқтатып отырғанын жеткізді.

"Наурыз" бау-бақша серіктестігінде сумен кішкене қиындық болып отыр. Бірақ, тұрғындар айтқандай айлап, апталап сусыз қалған кез болмады. Шұғыла шағын ауданында "Премьера" су сүзу станциясы бар. Инженерлермен ақылдастық, Ақжарға су беру мүмкіншілігі бар", – деді Наурызбай ауданы әкімдігі аппараты коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Фархат Жаңбыров. 


Оқи отырыңыз: Тау етегіндегі ауыл таза суға жарымай отыр


Әкімдік мамандары таудағы жұмыстардың мамыр айына дейін аяқталатынын айтады. 

Серіктестер жаңалықтары