"Қазақстан халқына" ҚҚ білім беру гранттары" бағдарламасына 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан азаматтардың балаларына және жараланған балаларға гранттар мен стипендиялар беру бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, деп хабарлады қордың баспасөз қызметі.
Бұл санатқа жататын балаларға тек бакалавриат бойынша ғана емес, колледждерде оқуға арналған білім беру гранттары беріледі.
Бұл ретте қаңтар оқиғасында қаза тапқан азаматтар (238 адам) мен жараланған 13 баланың тізімі қордың ресми сайтында жарияланған бағдарламаға қосымшамен бекітілген. Бағдарламаға 29 жасқа дейінгі Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Ол үшін қордың цифрлық порталында құрылатын Эндаумент қорында арнайы шоттар ашу үшін өтінім беру керек.
Өтінімді:
- 2022 жылғы қаңтардағы оқиға кезінде қаза тапқан ҚР азаматтарының және жараланған балалардың ата-анасы немесе қамқоршысы/ресми өкілі;
- қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан азаматтардың балалары немесе кәмелетке толған жараланған балалар өтінім бере алады.
Өтінімге қажет құжаттар:
- өтініш берушінің/баланың жеке куәлігі;
- қаңтар оқиғалары кезінде қаза тапқан Қазақстан Республикасы азаматының қайтыс болғаны туралы куәлік/анықтама;
- қайтыс болған адаммен туыстығын растайтын құжат: баланың туу туралы куәлігі, қажет болған жағдайда дербес деректердің өзгеруі туралы анықтама.
Оқи отырыңыз: Бас прокурор Қаңтар оқиғасы кезінде қайтыс болғандар санын растады
Бағдарламаның шарттарына сәйкес, оқу ақысы әр өтініш берушіге бір оқу жылына 1 млн теңгеге дейінгі сомада жоғары оқу орындарында және колледжде 4 жылға дейін оқуға мүмкіндік береді. Осылайша qazaqstanhalqyna.kz цифрлық порталында өтінім тіркелген әрбір баланың Эндаумент қорындағы ашық арнайы шотында 4 млн теңгеге дейін жинақталатын болады.
"18 жасқа толған (2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша) қаңтардағы оқиға кезінде қаза тапқан азаматтардың балалары және жараланған балалары тиісті өзгерістер енгізілген қолданыстағы қайырымдылық бағдарламасы шеңберінде қордың білім беру грантына құқылы. Бұл ретте өтінімдерді қабылдау жаңа 2023-2024 оқу жылынан бастап жүзеге асырылатын болады. Грант беру мерзімдері мен тәртібі Қордың сайтында ағымдағы жылдың 1 маусымынан кешіктірілмей орналастырылатын болады", – деп жазылған хабарламада.
Оқи отырыңыз: Қаңтар оқиғасын ұйымдастырушы Кәрім Мәсімов пе? Бас прокурор жауап берді
Сондай-ақ, "Қазақстан халқына" қорының гранты колледж және университетте оқуға бір рет қана беріледі. Яғни, қор гранты екінші жоғары білім алуға берілмейді.
Айта кетейік, "Қазақстан халқына" ҚҚ білім беру гранттары" қайырымдылық бағдарламасы ауыл мектептерінің түлектерін және халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан студенттерді қолдауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы азаматтарының осы санаты үшін жоғары білімнің қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Биыл 2 267 студент қор гранты бойынша 85 жоғары оқу орнында білім алып жатыр. Сондай-ақ, қайырымдылық бағдарламасы аясында барлық студенттер үшін ай сайынғы стипендия қарастырылған.