Тікелей эфир

Қаңтар оқиғасына 20 мың террорист қатысып, адамдардың басы кесілгені рас па? Бас прокурор жауабы

Бас прокурор қаңтар оқиғасы кезінде түрлі ақпарат түскенін айтты.

Қаңтар оқиғасына 20 мың террорист қатысқаны, полиция қызметкерлерінің басы кесілгені туралы ақпарат қаншалықты рас? Журналистер бұл туралы мәжіліс кулуарында бас прокурор Берік Асыловтан сұрады.

Бас прокурор Берік Асылов | Фото: informburo.kz

– Қаңтар оқиғасында адамдардың басы кесілгені туралы ақпарат шықты. Бұл шын ба?

– Қаңтар оқиғасы 4 қаңтардан 5 қаңтарға қараған түні басталды. Әртүрлі ақпарат тарады, жалған ақпарат та болды. Сегіз қалада көптеген нысан өртеніп, әкімдіктер өртеніп жатты, әртүрлі дереккөздерден түрлі хабарлама, соның ішінде дұрыс емес ақпарат түсті. Сондықтан біз кесілген бас нұсқасын тексердік. Бірақ ондай факті таппадық.

– 20 мың террорист болды ма, жоқ па?

– Түрлі ақпарат түсіп жатты. Соның ішінде бұл да бар. Сол кезде қылмыскерлердің әрекетінен шынымен де солай көрінді. Түрлі ақпарат болды. Соның ішінде азаматтардан да шетел қылмыскерлері туралы, оның ішінде шет тілінде – қырғыз, өзбек, әртүрлі тілдерде сөйлейтіні жөнінде де ақпарат болды. Содан қоғамға шынымен де шабуыл жасаушылардың барлығы лаңкестер сияқты көрінді. Мен сізге айтайын, террористік акт жасаған адамдардың барлығы террорист болып саналады. Оған сақал қойып, автоматпен жүгіру шарт емес. Тіпті тергеу жүргізіп жатқанда көптеген құқық қорғау органдары да менен "Бұл лаңкестер қайда?" деп сұрады. Қоғамда да осындай сұрақ пайда болды. Бірден айта кетейін, лаңкестер өздерін террорист деп ресми түрде жариялаған жоқ. Олардың қиратып-өртенгенін, әкімдікті алғанын – барлық әрекетін террористік акт деп есептейміз және террорист деп санаймыз.


Оқи отырыңыз: Қаңтар оқиғасын ұйымдастырушы Кәрім Мәсімов пе? Бас прокурор жауап берді


– Бұл туралы президент айтты. Сіз оларды қалай санадыңыз? Бұл деректер президентке берілді ме?

– Жеке мен санамадым. Мұны қайдан алдыңыз?

– Президентке кім ақпарат берді?

– (Бас прокурор бұл сауалға жауап берген жоқ).

Серіктестер жаңалықтары