Қаңтар оқиғасы кезінде барлығы 1 502 бизнес нысанын тонау фактісі тіркелді, деп мәлімдеді ҚР ІІМ тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов.
Қаңтар оқиғасынан кейін азаматтар мен бизнес субъектілерінің арызы бойынша ұрлық пен тонаудың ең көп саны келесі өңірлерде тіркелді:
- Алматы қаласы – 2 мыңнан астам;
- Алматы облысы – 204;
- Жамбыл облысы – 23 факті тіркелді.
"Бұл қылмыстарды ашуға азаматтар көмектесті. Олар Қаңтар оқиғасы кезінде түсірілген бейнематериалдарды ұсынды. Осындай видеолардың бірінің арқасында Алматы қаласында бір топ жас жігіттің "Лунапарк" балалар ойын-сауық орталығынан теледидар мен т.б. тұрмыстық техника ұрлағаны белгілі болды. Тағы бір видеоның көмегімен Алматы қаласында бір топ адамның "Каспи" банкінің филиалына шабуыл жасап, мүлік тонап, оны бөліскені әшкереленді. Екі жағдайда да күдіктілердің кім екені анықталып, қамауға алынды", – деді Санжар Әділов.
Ішкі істер тергеушілері айыптау актісімен 410 айыпталушыға қатысты 261 қылмыстық істі аяқтап, сотқа жолдаған. Мұндай істердің ең көп саны келесі өңірлерде тіркелді:
- Алматы қаласы – 185;
- Алматы облысы – 49
- Жамбыл облысы мен көліктегі департамент бойынша – 10;
- Қызылорда және Түркістан облысында – 4.
Оқи отырыңыз: Бас прокуратура: Қаңтар оқиғасына қатысқан 585 күдікті қамауда отыр
"Тергеу материалдары мен нәтижелерін талдау кезінде бөтен мүлікті ұрлағаны үшін ұсталғандардың көбісі алғаш рет заң бұзған жастар екені анықталды. Бұл азаматтарға тергеушілер олардың жеке басын және оң сипаттамасын ескере отырып бас бостандығынан айыруға байланысты емес бұлтартпау шарасын қолданады. Бүгінгі күні осы негіздер бойынша және келтірілген залалды өтеу бойынша 326 күдікті қамаудан босатылды", – деді Санжар Әділов.
Сот органдары сотталушыға жаза түрі мен мөлшерін анықтау кезінде адамгершілік қағидаттарын басшылыққа ала отырып, жасалған құқық бұзушылықтың сипатын, ауырлық дәрежесін, қоғамдық қауіптілігін, кінәлілердің жеке басын, оның ішінде қылмыс жасағанға дейінгі және одан кейінгі мінез-құлқын, тағайындалған жазаның оларды түзеуге әсерін және жәбірленушілердің пікірін ескерген.
"Мысалы, Алматы облысының тұрғыны "Технодом" сауда үйінен құны 1 млн теңгеден асатын 2 теледидар, шаңсорғыш және қар жинайтын машина ұрлаған. Күдіктінің кәмелетке толмаған 2 баласының болуы және залалдың өтелуін ескере отырып күдіктінің сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында бұлтартпау шарасы үйқамаққа өзгертілді. Сондай-ақ сот жеке мінездемесін, жасаған ісіне толық өкініп, келтірілген залалды өтегенін ескере отырып оны 2,5 жылға бас бостандығын шектеуге үкім шығарды", – деді Санжар Әділов.
Мұнымен қатар, тергеп-тексеру барысында Талдықорған қаласында Алматы облысының үш тумасы "Фора" дүкенінен құны 1 миллион теңгеден асатын 8 ұялы телефон ұрлаған. Осы істе де бұрын сотталмаған екі күдіктіге келтірілген залалды өтеген соң бұлтартпау шарасы үйқамаққа өзгертілген. Ал ұрлық үшін бұрын сотталған үшінші азамат қамауға алынды.
Оқи отырыңыз: Жұмыс берушілердің 23 пайызы қаңтар оқиғасы қызметкерлерінің жұмыс қабілетіне теріс әсер еткенін айтты
"Қазір ішкі істер органдары тергеушілерінің өндірісіндегі қылмыстық істер бойынша 155 адам қамауда отыр. Олардың барлығы ауыр және аса ауыр қылмыстар жасады деген күдікке ілінді", – деді департамент өкілі.