Президент Тоқаевтың ұшағы биыл қанша шақырым жолды ұшып өтті

Мемлекет басшысы ұшақ пен тікұшақта 245 сағат 18 минутын өткізді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізді дамыту мен өркендету жолында жыл бойы атқарған қызметіне ҚР президентінің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Берік Уәли шолу жасады. Ол Egemen Qazaqstan басылымында жарық көрді. 

Қол қойылған құжаттар

Мемлекет басшысы осы жылы 3 979 құжатты қарап, қол қойды. Оның ішінде 95 заң, 319 жарлық, 81 өкім, 28 отырыс хат­та­масы, 3 456 қызметтік құжат қабылданды (25 желтоқсандағы мәлімет бойынша).

Ел өңірлеріне сапар

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл жұмыс сапарымен еліміздің 11 өңіріне барды. Аймақтардағы 60-тан аса өндірістік және әлеуметтік-мәдени нысандармен танысып, жұртшылықпен кездесті. Сондай-ақ ел ішіндегі 41 іс-шараға қатысты. Олардың қатарында форумдар, кеңестер, отырыстар секілді түрлі форматта өткен жиындар бар. Еліміздің саяси және қоғам қайраткерлерімен 137 кездесу өткізді.

Шетелге сапар

Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 23 рет шет мемлекетке сапарлады, 19 халықаралық форум мен саммит жұмысына атсалысты. Халықаралық іс-шаралар аясында өзге елдің басшыларымен 27 рет кездесті. Сондай-ақ шет мемлекеттердің және үкіметтердің басшыларымен, басқа да жоғары лауазымды тұлғаларымен, халықара­лық және өңірлік ұйымдардың жетекші­лері­мен, бизнес-қоғамдастық өкілдерімен 84 кездесу өткізді. 22 мемлекеттің елшісінен сенім грамоталарын қабылдады. Мемлекет басшыларымен 49 мәрте телефон арқылы сөйлесті.

"Бір жыл ішінде еліміздің бірінші борты 158 983 шақырымды ұшып өтті. Президент ұшақ пен тікұшақта 245 сағат 18 минутын өткізді. Бұл – жер шарын төрт рет айналып шыққанмен бірдей қашықтық", – делінген шолу материалда. 

Шолудың толық нұсқасы: "Елдігімізді танытқан ерен жыл": Берік Уәли президенттің 2024 жылғы қызметіне шолу жасады

Серіктестер жаңалықтары