Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық форумында Қазақстанда бизнес жүргізу үшін барлық жағдай жасалатынын айтты.
"Қазақстан бұрыннан Шығыс пен Батыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің арасындағы алтын көпір саналады. Көп жағдайда бұл форум ұлы Еуразия даласының мәдениетіне, тарихына сай келеді. Біз осынау мұрамызды мақтан тұтамыз. Дәл осы үздіксіз тауар, мәдени жетістіктеріміз бен идея алмасу арқылы Қазақстанның өзіндік ұлттық бірегейлігі және оның ерекше көпжақты ынтымақтастыққа негізделген бренді қалыптасты. Геосаяси қиындықтарға қарамастан, Қазақстан Орталық Азияда да экономикалық локомотив қызметін атқарып отыр. Біз шетелден кең көлемде инвестиция тартуды жалғастырамыз және Қазақстанда бизнес жүргізу үшін барынша жағдай жасаймыз", – деді президент.
Сонымен қатар мемлекет басшысы Қазақстанның сенімді сауда-экономикалық серіктес екенін айтты.
"Біз мемлекеттер мен адамдар арасындағы физикалық байланысты нығайтуға, сондай-ақ серіктес әрі дос ретінде қоғамдастықтар арасындағы байланысты күшейтуге тырысамыз. Осы факторлардың барлығын ескере отырып, бүгінде Қазақстан жаһандық, ең бастысы, шын мәнінде, сенімді сауда-экономикалық серіктес екенін айта аламыз", – деді президент.
Оқи отырыңыз: Тоқаев: Қазіргі Қазақстан екі жыл бұрынғы Қазақстаннан өзгеше, реформа әлі біткен жоқ
Айта кетейік, елордада Астана халықаралық форумы өтіп жатыр. Әлемнің үздік сарапшылары жаһандық мәселелердің шешімін табу үшін бас қосты. Форумның басты тақырыбы – "Диалог арқылы сын-қатерлерді еңсеру: ынтымақтастық, даму және прогресс жолында".