Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының "Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу" атты ХХХІІІ сессиясында ұлттық толеранттық, өткен заманның дәстүрлеріне және түрлі мәдениетке деген құрмет, мемлекеттік тілді және басқа да тілдерді білу – Қазақстан азаматтарына тән қасиеттер екенін айтты.
"Мемлекеттік саясаттың басты өзегі және жалпыұлттық бірегейлікті нығайтатын негізгі фактор – бірлік. Ортақ Отанымыздың тағдырына жанашырлығымыз біздің азаматтық сана-сезіміміздің өзегі болып қала береді. Ал ұлттық толеранттық, өткен заманның дәстүрлеріне және түрлі мәдениетке деген құрмет, мемлекеттік тілді және басқа да тілдерді білу – Қазақстан азаматтарына тән қасиеттер. Бұдан бөлек, мен аспан түстес төлқұжатымыз еліміздің жалпыұлттық бірегейлігінің ең қарапайым әрі түсінікті белгісі екенін үнемі айтып жүрмін. Көк паспорты бар әрбір адам ұлтына, көзқарасы мен наным-сеніміне қарамастан, Қазақстан азаматының барлық құқығын иеленеді", – деді мемлекет басшысы.
Президент Қазақстан Республикасының кез келген азаматы әлемнің қай түкпірінде жүрсе де Қазақстанның қорғауында болатынын мәлімдеді.
"Біз ешқашан өз азаматтарымызды тағдыр тәлкегінде қалдырмаймыз. Естеріңізде болса, жер жүзін коронавирус індеті жайлап, көптеген ел шекарасын тарс жапқанда Қазақстан дереу өз азаматтарын жер шарының әр қиырынан елге әкелуді ұйымдастырды. Сондай-ақ біз 2021 жылы Ауғанстандағы, 2023 жылы Газа секторындағы ахуал күрт шиеленіскенде азаматтарымызды ол жақтан шұғыл шығарып алдық. Әр жолы, қандай да бір елде азаматтарымызға қауіп төнсе, біз олардың Отанына тезірек оралуы үшін жедел шаралар қабылдаймыз", – деді президент.