Тікелей эфир

Президент: Мемлекеттік қызмет – жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын жер емес

Тоқаев Қазақстанда тиімді құқық қорғау және сот жүйесін құруға мүмкіндік беретін реформалар әзірлену қажеттігін атады.

"Мемлекеттік аппаратты жаңғыртып, бюрократиядан барынша арылту үшін жүйелі жұмыс жалғасады. Біз қоғамның барлық өкілдерінің талап-тілектеріне жауап беретін озық мемлекет құруымыз керек. Басқару жүйесінің тиімділігі жұмыстың барысымен емес, түпкі нәтижемен өлшенетін болады. Мемлекеттік аппарат бизнеспен, үкіметтік емес ұйымдармен және азаматтармен тығыз жұмыс істеуге баса назар аударуға тиіс. Сол арқылы ел мүддесіне сай тиімді шешімдер қабылданып, халыққа көрсетілетін қызмет сапасы жақсара түседі", – деді мемлекет басшысы Қазақстан халқына жасаған үндеуінде.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша,  мемлекеттік қызметкерлер барынша ашық жұмыс жүргізіп, халыққа шынайы есеп беруі керек.

"Мемлекеттік қызмет дегеніміз – жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын жер емес. Бұл – туған халқыңның алдында айрықша жауапкершілік арқалау деген сөз. Конституциялық реформа бүкіл құқық саласын жаңғыртуға жол ашады. Парламент пен Үкімет Конституцияға енгізілген өзгерістерге сай Заңнамаға тиісті өзгертулер енгізуі қажет. Қазақстанда тиімді құқық қорғау және сот жүйесін құруға мүмкіндік беретін реформалар әзірленуге тиіс. Мұны әлемдік тәжірибені ескере отырып жүзеге асырған жөн», – деді мемлекет басшысы.


Оқи отырыңыз: Тоқаев: Конституциялық түзетулер мемлекеттігіміздің тұғырнамасын түбегейлі өзгертеді


Президент қоғамның және бизнес өкілдерінің өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға сұранысы арта түскеніне тоқталды.

"Елімізге азаматтар мен кәсіпкерлерді барынша қорғайтын құқық жүйесі қажет. Заңнамада мемлекетіміздің тұрақты дамуын тежейтін ешбір кедергі қалмауға тиіс. Заман талабына сай келмейтін және күмән туғызатын нормалардың бәрі күшін жоюға тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Серіктестер жаңалықтары