Президент: Еліміздің экономикасын әртараптандыру міндеті толық орындалған жоқ

Фото: Ақорда
Фото: Ақорда
Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке экономикаға инвестиция тарту саласындағы жұмысты күшейтуді тапсырды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында үкіметтің және басқа да құзырлы органдардың жақын арадағы негізгі міндеттеріне тоқталды.

"Оның біріншісі – экономиканы әртараптандыру. Былтыр өңдеу өнеркәсібі саласында 180 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Жобалардың жалпы құны – 1,3 триллион теңге. Соның нәтижесінде осы саладағы өсім 6 пайызға жуықтады. Бұл – соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Осы жақсы үрдісті біржола орнықтырып, сақтап қалу керек", – деді Қазақстан президенті.

Тағы бір аса маңызды мәселе – экономикаға инвестиция тарту. БҰҰ мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша айтарлықтай табысқа қол жеткізген. Қасым-Жомарт Тоқаев тоқмейілсуге негіз жоқ екенін айтты.

"Инвесторлардың мәселесін шұғыл шешу үшін Инвестиция штабы құрылды. Соның арқасында бюрократиялық кедергілер мен құқықтық қарама-қайшылықтар жойылып, кейбір жобаларды тезірек жүзеге асыруға жол ашылды. Алайда басты мақсат – "жекелеген" проблемаларды ғана шешпей, елдегі тұтас инвестициялық ахуалды жақсарту. Инвестициялық жобаларды әзірлеу барысында ведомствоаралық үйлестіруге әлі де көп уақыт кетеді. Үкімет басы артық бюрократиядан арылып, жедел жұмыс істеуі керек", – деді мемлекет басшысы.

Президент мемлекеттік қызметшілердің құлықсыздығы және жауапкершілік алудан тайсалуы келісу рәсімдері мен шешім қабылдаудың тым ұзаққа созылуына себеп болып отырғанын ашық айтты.

"Үкімет инвестиция саласындағы жұмысты күшейтуі қажет. Басқа жол жоқ. Әйтпесе, инвестиция нарығындағы бәсекелестік қызып тұрған кезеңде заман ағымынан кеш қаламыз. Бізге сапалы инвестиция қажет екені анық. Озық технологияға негізделген және сыртқы нарыққа арналған жобаларды әдетте шетел инвесторлары ұсынады. Былтыр 9 айда елімізге 12,7 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясы тартылды. Бұл 2023 жылдың дәл сондай кезеңімен салыстырғанда 36 пайызға кем", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Алматы қаласында тікелей шетел инвестициясын тарту қарқыны төмендеген. Ал жеке инвестицияның азаюы бюджет есебінен өтеліп жатыр. Бірақ мемлекет мұндай шарамен ұзаққа бара алмайды.

"Қазір бюджет тапшылығы бар екенін білесіздер. Сондықтан сапалы инвестиция әкелетін жауапкершілігі жоғары инвесторларға қосымша жеңілдіктер беру мәселесін қарастырған жөн. Мұндай саясат менің ел экономикасын ырықтандыру туралы стратегияма толық сай келеді. Бұл – маңызды сәт. Үкімет инвесторды іздеуге, қолдауға және қорғауға қатысты жұмыстың бәрін жүйелі жүргізетін біртұтас экожүйе құруы қажет. Бұл жұмыс барлық деңгейде, яғни аймақта, орталықта және шетелде бірдей атқарылуы керек. Осы орайда шетелдік және отандық инвесторларға қатысты ұстаным бірдей болуы қажет. Мемлекеттің қолдауына ие болған компанияларға тиісті талап қойылуы керек. Олар жұмыс орындарын сақтауға, өндірісті жаңғыртуға тиіс. Сонымен бірге экология талаптарын мүлтіксіз орындауға міндетті", – деді Қазақстан президенті.

Серіктестер жаңалықтары