Мемлекет басшысы ауыл мен қала тұрғындарының мүмкіндігі арасындағы алшақтықты қысқарту керектігін айтты. Президенттің сөзінше, ауыл тұрғындары көбіне жерді пайдалану, жайылымдарды бөлу мәселелерін көтереді.
"Ауыл тұрғындары басқа мәселелерге қарағанда, жерді пайдалану, жайылымдарды бөлу, инфрақұрылымдардың қолжетімділігі мен сапасына қатысты мәселелерді жиі көтереді. Құқықтық насихат бағытындағы сіздердің күш-жігерлеріңіз ауыл мен қала тұрғындарының мүмкіндігі арасындағы алшақтықты дәйекті түрде қысқартуға тиіс", – деді президент.
Сондай-ақ президент өңірлердегі құқықтық сауаттылықты арттыруға көңіл бөлу қажеттігін және Уәкілдер жүйесі өз міндетіне жауапкершілікпен қарауы тиістігіне тоқталды.
Оқи отырыңыз: Тоқаев: Көп жағдайда әлеуметтік шиеленіс пен масылдыққа құқықтық сауатсыздық себеп болады
"Омбудсмен өкілдіктері өңірлерде құқықтық сауаттылықты арттыруға тиімді ықпал ете алады. Жергілікті қоғамдастықтар азаматтардың құқықтарын қорғау үшін жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы толық ақпарат алуға тиіс. Адамдар қабылданып жатқан шаралардың нақты нәтижесін көріп, бағалай алуы қажет. Бұл – басты міндет. Елімізде жолға қойылған Уәкілдер жүйесі өзіне жүктелген міндетті толық орындауға тиіс. Аталған бағыттағы қызмет – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадам", – деді Тоқаев.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Ақордада адам құқықтарын қорғау жүйесінің өкілдерімен кездесті.