15 қаңтардан бастап төтенше жағдай режимі тоқтатылған өңірлерде “құқықтық тәртіп” жедел-алдын алу іс-шарасы басталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
19 қаңтардан бастап жедел-алдын алу шарасы төтенше жағдай режимі тоқтатылған Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында, сондай-ақ, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында өткізіледі. Іс-шараның негізгі мақсаты – жедел жағдайды тұрақтандыру, заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдау.
Заңнамаға сәйкес ішкі істер органдары жедел-алдын алу іс-шарасы шеңберінде жүзеге асырады:
- көлік құралдарын, сондай-ақ, жеке тұлғалардың жеке басын куәландыратын құжаттарды тексеру, оларды және заттарын жеке тексеру;
- жалдамалы пәтер, үй, хостел, саяжай, базар, техникалық қызмет көрсету станциясы, шаруа және фермер қожалықтарын, шалғайдағы учаскелерді, қыстақтарды тексеру;
- атыс, травматикалық және суық қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды тәркілеу;
- белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарды, заңсыз мигранттарды анықтау;
- бұрын сотталған және ішкі істер органдарында есепте тұрған өзге де адамдарды тексеру.
Оқи отырыңыз: Алматыда лаңкестікке қарсы операция жүргізілуіне байланысты орталық көшелер жабылды
"Ішкі істер министрлігі азаматтарды жедел-алдын алу іс-шарасын өткізуге түсіністікпен қарауға және полиция қызметкерлерінің талабы бойынша құжаттарды көрсетуге шақырады", – делінген хабарламада.
Еске салсақ, жаппай тәртіпсіздік кезінде тұтқындалғандардың мыңнан астамының әлі қамауда отырғаны туралы хабарлаған едік. 1 653 іс бойынша сот айыппұл салды.