Тікелей эфир

Пияз тиеген жүк көліктері үш күннен бері ел шекарасынан Ресейге өте алмай тұр

Қазақстанда 29 қаңтардан бастап пияз экспортына тыйым салынды.

Елде пияз экспортына тыйым салынғаннан кейін Қазақстан мен Ресей шекараларында ұзын-сонар кезек пайда болды. Рұқсат қағаздары бар кәсіпкерлер пияз тиеген жүк көліктерін Ресей аумағына өткізуді талап етеді, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.

Кәсіпкерлер 29 қаңтарда пияз экспортына тыйым салынғанға дейін рұқсат қағаздарын алып, жолға шығып кеткен. Тонналаған пиязды өзге елге апарып сатуы тиіс болған олар үш күннен бері Ресей аумағына өте алмай, шекара бекетін күзетіп тұр. 

"Кешкісін жүкті тиеп, үйге қонып жолға шықтық. Үш күн бойы жолда жүріп, 29 қаңтарда шекараға келдік. Рұқсат қағазын одан бұрын алдық. Бізге 28-інен кейін ешкімді шығармаймыз дейді", – деді жүк көлігінің жүргізушісі Нұрболат Әбубәкір.


Оқи отырыңыз: Пияз бағасы неге қымбаттап жатыр? Министрлік түсіндірді


Жүргізушілердің айтуынша, жүк көліктері бірнеше күннен бері "Қайрақ" бекетінде ғана емес, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақтөбе облыстарындағы шекарадан өткізу орындарында да тұр. Тыйымға дейін құжаттарын алып үлгергендер елден пияз өнімдерін шығаруға болмайтынын ескертпеді деп отыр. Жанармайы таусылған жүргізушілер тоңазытқыштары тоқтан ажырап, бар өніміміз бүліне ме деп қорқады.

"Біз қанша қаражат жұмсап жолға шықтық. Екі мың километр жүріп келдік. Бізді өткізсе дейміз, өйткені мына өнімдерді Ресейге жеткізуіміз керек", – деді жүк көлік жүргізушісі Жамшид Насридинов.

Ауыл шаруашылығы министрлігі жөнінде кәсіпкерлерге экспортқа тыйым салынатынын он күн бұрын ескерткен. Пияз экспортына тыйым салынғаннан кейін көлік жүргізушілеріне артқа қайтудан басқа амал жоқ дейді.

"Шаруалар да, саудамен айналысатын азаматтардың өздері де сол күннен бастап қамдана беруі керек еді. Бұйрық қабылданған күнге дейін ғана тауар шығарылды. Енді одан кейін барлық пияз тиеген көлік шекарадан аса алмайды. Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан пиязды ішкі нарықта сату туралы түсініктемелер берілді", – деді ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы Дамир Аспан.


Оқи отырыңыз: Ресейде пияз 500, Өзбекстанда 350 теңге. Қазақстанда да пияз бағасы өсе ме?


Сондықтан министрлік солтүстік және батыс өңірлерде пиязға деген сұраныс үлкен екенін ескеріп, кәсіпкерлерге өз өнімдерін жергілікті нарыққа шығаруға кеңес береді. Әкімдіктермен келіссөздер жүргізуге көмектесуге дайын. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары