Солтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік бағдарламамен салынған бірқатар үйде әлі жылу жоқ. Талай жыл күткен үйге биыл көшіп келген тұрғындар өңірде суық түскелі туысқандардың үйін қайта жағалап жүр. Себеп – үйде жылу жоқ. Ал кейбірі тіпті ыстық су мен электр жарығына да зар болып отыр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
"Бір жарым жыл бұрын бізбен кездескенде қала әкімі Руслан Аңбаев инфрақұрылымның бәрі қосылатынын айтып уәде берген. Ал қазір бізде, жалу да, жарық та, су да жоқ", – деп ашынады тұрғындардың бірі Айдана Жәнібекова.
Жаңа үйлерге көшіп келген тұрғындардың айтуынша, бұл мәселе олар жаз ортасынан бастап-ақ көтерген. Бірақ, бұдан еш нәтиже болмаған.
"Мен ата-анамның үйіне барып жүрмін. Ал қызымды ағамның үйіне апарып тастадым. Ол – 1 курс студенті. Таңертең ерте сабаққа барады. Тамақ ішіп кетуі тиіс. Үстіндегі халатын үтіктеуі керек. Ал мұнда оған мүмкіндік жоқ", – дейді тұрғын Алма Әшімова.
Оқи отырыңыз: СҚО-да су тарту үшін қазылған шұңқырлар мал қорымына айналған
Қала әкімі Руслан Аңбаевтың айтуынша, облыс орталығындағы 6 тұрғын үйге жылу берілмеген. Оған себеп – пәтер иелерінің құжаттарын дұрыс реттемеуі.
"Пәтер иелері дербес шоттарын ашып үлгермеді. Осы жұмыстар қазір жүргізіліп жатыр. Енді жақын күндері жылуға қосамыз", – деп уәде берді Петропавл қаласының басшысы.