Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қаржылық мониторинг агенттігінің аумақтық департаментінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу шеңберінде криптоферма қызметінің жолын кесті, деп хабарлайды ҚР ҚМА баспасөз қызметі.
"Бұрынғы көкөніс қоймасының шаруашылық бөлмесі майнинг-фермасының жұмысы үшін арнайы жабдықталған. Шамамен криптовалюта өндіруге арналған 273 бірлік жабдық табылды. Ферма шамамен айына 146 МВт электр қуатын тұтынған. Криминалист сараптамасының қорытындысына сәйкес, табылған жабдық сандық криптовалютаны "өндіру" үшін қолданылатын шифрлау кешені екені анықталды", – делінген хабарламада.
Мамандардың айтуынша, алынған криптовалюта түріндегі алдын ала заңсыз ақшалай кіріс 68 331 022 теңгені құрайды.
"Аталған факт бойынша ҚР ҚК-нің 214-бабына сәйкес ("заңсыз кәсіпкерлік қызмет") сотқа дейінгі тергеу ісі жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді", – деді ҚР ҚМА баспасөз қызметіндегілер.
Еске салсақ, Қазақстан аумағында жалпы қуаты 202 МВт болатын 13 майнинг-ферманың анықталғаны туралы хабарлаған едік. Анықталған майнинг фермалары бойынша уәкілетті органдар жедел тергеу іс-шараларын жүргізеді.