Тікелей эфир

Петропавл тұрғындары ауласына көпқабатты үй салынуына қарсы шықты

Көп қабатты төрт үйдің тұрғындары бұл жерде тағы бір көпқабатты баспана бой көтерсе, көлік қоймақ түгілі, жүретін жер қалмайтынын айтты.

Ауыл тұрғындары балалар алаңы мен көлік тұрағы орналасқан жерді әлдекімдер қоршап, құрылыс жұмыстарын бастап кеткенін, әкімдіктің жер телімін құрылыс компаниясына бергені заңсыз екенін айтты. Жергілікті билік өкілдері дау тудырған аумақ жиырма жыл бұрын жекенің қолына өтіп кеткенін алға тартып отыр, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Көп қабатты төрт үйдің тұрғындары бұл жерде тағы бір көпқабатты баспана бой көтерсе, көлік қоймақ түгілі, жүретін жер қалмайтынын айтты.

"Енді мына жерден біздің аулаға жедел жәрдем де, өрт сөндірушілер де кіре алмайды. Осы құрылысқа кім рұқсат беріп отыр? Біз кәсіпкердің бұл әрекеті заңсыз деп есептейміз", –.деді Петропавл қаласының тұрғыны Гүлнәр Мұхамбетова.


Оқи отырыңыз: Астанада заңсыз салынған Washington тұрғын үй кешені бұзылады.


Ал бұл аумаққа бес қабатты үй салатын құрылыс компаниясының басшысы сол маңдағы тұрғындармен бір бітімге келуді көздейтінін айтады. Ол үшін балалар алаңқайын қозғамай, маңынан көлік тұрағын салып беруге дайын екенін айтты.

"Мен бұл телімді заңды түрде сатып алдым. Хабарландырудан көріп, бүкіл құжаттарды тексердім. Барлығы дұрыс. Мәселе – әкімдіктегілердің бұл жерді бұрынғы қожайынына не себепті сатқанында", – деді құрылыс компаниясының директоры Марат Жәкетов.

Көпшіліктің алдына келген қала әкімінің орынбасары дау тудырған телім осыдан 20 жыл бұрын жекенің қолына сатылып кеткенін,  бұл жерде үй салу қаншалықты заңды екенін тексеретіндерін айтты.


Оқи отырыңыз: Құрылыс салушы Шығыс Қазақстан облысындағы үлескерлерден заңсыз 606 млн теңге алған.


"Біз бұл сұрақты егжей-тегжейлі қарауымыз керек. Оған дейін құрылысшылардан жұмыстарды жүргізбеуін сұраймыз. Кейін келісім-шарттардың заңдылығын тексереміз", – деді Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Әділбк Әубәкіров.

Қала билігі мәселе шешілгенше құрылыс жұмыстарын тоқтатуға уәде берді. Ал кәсіпкер оған қарамай, құрылыс жұмыстарын жалғастырып жатыр. Жергілікті билікке сенуден қалған тұрғындар телім иесін сотқа бермек.

Серіктестер жаңалықтары