Петропавл іргесіндегі бүтін бір ауылдың тұрғындары тасқыннан кейін жиі жарықсыз қалатын болған

Жарықтың жиі сөнуінен техника атаулы күйіп шығынға баттық дейді тұрғындар.

Петропавл іргесіндегі бүтін бір ауылдың тұрғындары тасқыннан кейін жиі жарықсыз қалатын болған, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Себебі, алапат су елді мекендегі электр бағаналарын қиратып кеткен. Сондықтан 5 мың адам тұратын ауылда жарық жиі өшіп, жұрттың берекесі кеткен. Ал аудандық әкімдіктегілер жыл соңына дейін барлығын ретке келтіреміз деп сендірді.

Ситора Арыстанова 10 жыл бұрын Өзбекстаннан ата қонысына көшіп келген. Бәйтерек ауылында баспаналы болған әйел жарты жылда жарықтың жанғанынан өшкені көп деп күйінеді. Бұл келеңсіз жағдай әсіресе көпбалалы отбасыларға қиын. Себебі, оқушылар үй тапсырмасын орындай алмайды дейді.

"Көбіне жарық кешкі уақыттарда өшіп қалады. Балаларымыз қорқып, қараңғыда жылайды. Көп ыңғайсыздық тудырады. Сабақ оқи алмаймыз. Тамақ ішкенде де қараңғыда отырамыз", – дейді Бәйтерек ауылының тұрғыны Ситора Арыстанова.

Жарықтың жиі сөнуінен техника атаулы күйіп шығынға баттық дейді тұрғындар. Көктемгі тасқын кезінде қалың мұз елдімекендегі электр бағаналарын бұзып кеткен екен.

Ал Қызылжар ауданының әкімдігі көктемде құлап қалған электр бағаналарын алты айдан бері жөндеп жатыр. Айтуларынша, оларды қайта орнату оңай шаруа емес.

"Тасқыннан кейін Бәйтерек ауылына жарықты аудан орталығынан тарттық. Сол себепті кейбір көшелердегі электр сымдарында қысым төмен. Күші жетпегендіктен жиі апат болады. Мамандар желтоқсан айында бәрін ретке келтіреміз деді. Ал ол кезде ешқандай мәселе туындамайды деп ойлаймын", – дейді Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Асхат Бакеев.

Халық Тәуелсіздік және Жаңа жылдық мерекеде тас қараңғыда отырып, тіршілігіміз тұралай ма деп алаңдайды. Себебі, халық демалатын күндері электр қуатын көп пайдаланып, санаулы бағананың барлық ауылға күші жетпеуі мүмкін. Сондықтан шенеуніктерден жарық мәселесін жақын күндері шешіп беруді сұрайды.

Серіктестер жаңалықтары