Павлодар қаласында апатты үйлері осыдан 4 жыл бұрын сүрілген тұрғындар уәде етілген жаңа баспанаға қол жеткізе алмай жүр. Жаңа баспаналар бой көтергенімен, тұрғындарға сол күйі жаңа үй берілмеген. Пәтер жалдап келген тұрғындар күнкөріс қиындағанын айтып жатыр, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Көпбалалы ана Елена Дудиева әкімдік биыл мамыр айында жаңа пәтердің кілтін беруге уәде еткенін айтады.
"Төрт жыл бойы ай сайын пәтерге төлеп келемін. Үстінен 20-30 мың қосамын. Коммуналдық төлемдер тағы бар. Осылай өмір сүруден әбден шаршадық. Бала-шағаны асырап бағу қиындап кетті. Бізге бір жылдан кейін пәтер береміз деген уәде орындалмады. Былтыр әкімдікке барғанда биыл мамырда береміз деген міне тамыз болды, жоқ", – деді Елена Дудиева.
Павлодардағы бұрынғы Алюминстрой шағын ауданында 1950 жылы салынған 150-дей екі қабатты ағаш үй болған. 2016 жылдан бастап ол үйлер кезең-кезеңімен сүріліп, орнына Сарыарқа жаңа мөлтек ауданы бой түзеді. Дәл осы үйлерден пәтер алуы тиіс болған тұрғындар жаңа баспаналарды сыртынан көріп армандап қана кететін болдық, дейді.
Оқи отырыңыз: 96 мың азаматтың өз үйі бар: Баспана кезегінде тұрған 232 мың адамның құжаты заңға сай емес
"Біздің пәтерімізді беру мерзімі сағызша созылып кетті. Келесі ай, тағы бір ай деп әбден шаршатты. Осының ар жағында жемқорлық тұр. Кейбір адамдар бір жылға жетпей алып қойды. Біз әлі жүрміз", – деді Павлодар қаласының тұрғыны Александр Моисеев.
Ал әкімдіктегілер мердігердің жауапсыздығынан құрылыс жұмыстары тоқтап қалғанын айтады. Салдарынан жылу желілерін өткізу кезінде мәселе туындаған. Енді жыл соңына дейін халық жаңа қонысқа қол жеткізеді деп отыр.
"Мердігердің салғырттығынан жылу желілерін тез арада қосуға мүмкіндік болмады. Сол себепті қыстың кезінде құрылыс жұмыстары тоқтап, көктемде қайта басталды. Енді қазір ұсақ-түйек жұмыстар қалды. Бір үйді қыркүйек айында пайдалануға береміз. Ал осы аудандағы басқа үйге тұрғындар жыл соңына дейін кіреді", – деді Павлодар қалалық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі Арман Асылханов.
Оқи отырыңыз: Ulytau Zhastary тұрғын үй бағдарламасы бойынша қосымша құжат жинау басталды
Бүгінде бұл шағын ауданда орнынан сүрілмеген алты ағаш үй қалған. Бұл жолы әкімдіктегілер ол тұрғындарға берілетін баспананы салып болған соң ғана бұзамыз деп отыр. Ал жоспар бойынша ол аумаққа емхана салынуы тиіс.