Павлодарда жазасын өтеушілер коронавируспен күреске жұмылдырылады. Олар түзеу мекемесінде санитар қызметін атқарып, індетке шалдыққан сотталушыларға көмектеседі, деп хабарлады 31-арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Алайда, мұндай санитарлардың ешқайсында медициналық мамандық жоқ. Тек мекеме басшылығы медициналық орталықтардың бірімен келісімшартқа отырып, онлайн сабақ жүргізеді. Теорияның негізгі бөлігін өткен соң жұмысқа кіріседі.
Санитарлардың негізгі міндеті – дәрігерлерге көмектесу. Науқастарды түрлі медициналық процедураларға апару, палата ішін тазалау және аурулардың ем-домын уақытылы жасау.
"Дәрігерлер бәрін түсіндіріп, үйретеді. Білмегенімізді сұраймыз. Ауруларға көмектесеміз", – дейді жазасын өтеуші санитар Ернұр Омаров.
Санитарларға 50 мың мен 80 мың теңгенің аралығында жалақы төленеді. Сонымен қатар, пандемияға байланысты қосымша 10 мың теңге шамасында үстемеақы алады. Бұл қаражат мемлекет алдындағы берешектерін өтеуге жұмсалады. Сондай-ақ, жылына бір рет төленетін еңбек демалысына жіберіледі.
Павлодар облысы бойынша 1 300-ге жуық азамат жазасын өтеп жатыр.
Материалдың толық нұсқасын төмендегі видеодан көріңіз: