Павлодар облысының Төтенше жағдайлар департаменті Ертіс өзенінде шаңғы теуіп, су астына түсіп кеткен 64 жастағы қарияның қазір дін-аман екенін хабарлады. Бұл туралы Pavlodarnews.kz жазды.
Мұз жұқа болғандықтан, жарылып, қария су астына күмп берген, дегенмен, өзі өзеннен шыға алған. Ал Төтенше жағдайлар департаментінің жедел-құтқару жасағы мен 102, 103 қызметтері қарияға жедел медициналық көмек көрсеткен.
Енді төтенше жағдайлар департаментінің ескертуін құлағына қыстырмаған қария айыппұл төлейді.
"Ер адамға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабы бойынша 12 922 теңге көлемінде айыппұл салынды", – делінген Павлодар облыстық ТЖД хабарламасында.
Сондай-ақ, Павлодар облысы Төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері қазіргі кезде мұз жұқа болғандықтан шаңғы тебуге, балық аулауға болмайтынын ескертті.
Оқи отырыңыз: Қазақстанның солтүстік өңірлерінде көктайғақ тұрғындарды әбігерге салды