Тікелей эфир

Павлодар облысында жалған актіге қол қойған ауыл әкімі жауапқа тартылады

Антикор бұл жағдайды мемлекеттік сатып алу порталына мониторинг жүргізу барысында анықтады.

Павлодар облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі бюджет қаржысын негізсіз жұмсаған шенеуніктердің әрекетін анықтады, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Баянауыл ауданы Құндыкөл ауылдық округінің әкімдігі елдімекенді қыста қардан тазалауы тиіс компанияға ақшаны алдын ала аударып, "жұмыс атқарылды" деген актіге қол қойған.

"Қараша, желтоқсан айлары енді келеді. Ал ақша түгелдей аударып, "жұмыс атқарылды" деген актіге қол қойылып қойған. Қараша, желтоқсан нағыз қар жауатын қысқы айлар. Ақша аударылып қойса, мердігер ол ауылдарды қалай тазалайды?", – деді "Әділдік жолы" қоғамдық бірлестігінің Павлодар облысы бойынша филиал басшысы Нұргүл Қайырденова.

Антикор бұл жағдайды мемлекеттік сатып алу порталына мониторинг жүргізу барысында анықтады. Құндыкөл ауылдық округі әкімдігі жыл басында мердігермен үш ауылдың жолын қардан тазалау үшін 1 миллионнан астам теңгеге келісімшарт жасаған. Тендерді ұтқан компания қыста жұмысқа кірісіп, ақшасын алу керек болған, алайда әкімдік аталған компания міндеттемелерін толығымен орындағаны туралы құжатқа алдын ала қол қойып тастаған.


Оқи отырыңыз: 2023 жылы жемқорлық дерегін хабарлаған адам 13,8 млн теңге сыйақы алады.


Жергілікті билік өкілдері бұл шешімді қызметінен босатылған бұрынғы әкім қабылдағанын айтты. Жаңа әкімнің айтуынша, осы жылдың сәуір айында өңірде қар жауып, жұмыстар жасалған. Сол кезде бөлінген ақша игерілген. Енді алдағы қыста қарды тазалауға тағы да қомақты қаржы сұрап отыр.

Серіктестер жаңалықтары