Павлодар облысындағы Қызылжар ауылында жылына 4,5 мың тоннадай тауық етін өндіріп келген ірі кәсіпорын жабылып, жүзден аса адам жұмыссыз қалды. Кәсіпорын басшысы олардың барлығымен еңбек шартын бұзатынын мәлімдеген, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Құс фабрикасын 10 жыл бұрын сатып алған кәсіпкер Рустам Нұртазинов жаңғырту жұмыстарын жүргізіп іске қосқанын айтады. Алайда содан бері үздіксіз жұмыс істеп келген қондырғылар қазіргі таңда тағы жаңғыртуды талап етеді.
"Құс фабрикасын толықтай қайта жаңарту керек. Құс ұстайтын 9 орын бар. Фабрика 10 жыл жұмыс істеді, қазір жабдықтардың бәрі ескірген. Құс сою, жемдеу цехтары тозды. Қосалқы бөлшектер сатып алу қажет. Қысқасы, барлығына да күрделі жөндеу қажет", – дейді құс фабрикасының директоры Рустам Нұртазинов.
Оқи отырыңыз: Бір жылда Маңғыстау облысындағы жұмыссыз жастар саны 11% өсті
Фабриканың жаыблуына байланысты жергілікті әкімдік тұрғындарға ауылдан 80 шақырымда орналасқан Ақсу қаласынан қара жұмыс ұсынған. Алайда тұрғындар Ақсуға күнделікті қатынау мүмкін еместігін айтып отыр.
"Барып көрдік. Жұмыс кешкі тоғызға дейін, демалыс тек жексенбі күні. Қалай қатынап жұмыс істейміз?" – дейді Қызылжар ауылының тұрғыны Алтынай Кенжебаева.
Фабрикада жалпы саны 200-ден астам адам жұмыс істеген. Қайта жабдықтау кесірінен соның 151-і қысқартуға ұшыраған. Қазір жұмыспен қамту бөлімінің қызметкерлері табыссыз қалған қызылжарлықтарды есепке алып жатыр.
"Қырық адамға жұмысқа жолдама берілді. 114 адам жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркелді және оларға жұмысты тоқтату бойынша жәрдемақы төленіп жатыр", – дейді Павлодар облыстық жұмыспен қамту басқармасының бөлім басшысы Нұрлан Бегежанов.