Telegram және "ВКонтактенің" негізін қалаушы Павел Дуров Қазақстанның шалғай ауылдарындағы 12 баланың IQanat мектебінде білім алуы үшін 350 мың доллардан астам қаражат бөлді.
Бұл туралы IQanat жобасының қамқоршысы Айдын Рахымбаев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
Гранттар оқу, жатын орын, тамақтану, оқулықтар алу сынды өзге де шығындарды өтейді. Бұл балалардың өз білім деңгейін көтеріп, жетістіктерге жетуіне мүмкіндік береді.
Павел Дуров грантын иеленушілердің дені негізінен көпбалалы және тұрмыс деңгейі төмен отбасылардан шыққан. Кәсіпкер әрбір баланың жағдайымен жеке танысып, олардың қандай ауылдан шыққанын және қандай академиялық жетістіктерге жеткенін білді. Бұл қолдауы арқылы меценат көп жағдайда мүмкіндіктері географиялық және қаржылық тұрғыда шектеліп жататын дарынды балаларды қолдаудың қаншалықты маңызды екенін танытты.
"12 жасөспірім бүкіл Қазақстан бойынша 50 мыңнан астам ауыл балалары арасында өткен республикалық IQanat Олимпиадасының финалистері арасынан іріктеліп алынды. Жоғары нәтиже көрсеткеніне қарамастан, мектепте оқуға жолдама ұтып алған ТОП-100 жеңімпаздар қатарына енуге балаларға аз ғана балл жетпей қалды", – делінген хабарламада.
Енді үздік балалар үш жыл бойы Бурабайдың табиғаты тамаша өлкесінде орналасқан мектепте білім алады. IQanat мектебіне оқуға түсу – жарқын өмірге "жолдама" алумен тең, өйткені IQanat түлектерінің 90%-ы Қазақстанның және шетелдің үздік университеттеріне грантпен оқуға түседі.
Айқанаттықтар әлемнің 16 елінде білім алып жатыр.