Тікелей эфир

"Отбасы банкте" әлеуметтік тұрғын үйлерді бөлу әдісі өзгерді

"Отбасы банк" 2023-2029 жылдарға арналған жаңа тұжырымдама шарттарын хабарлады.

"Отбасы банкте" 2023 жылдың 15 тамызынан бастап баспана кезегінде тұрған азаматтар үшін әлеуметтік тұрғын үйлерді бөлу жаңа әдіспен жүзеге асады. 

Банк мәліметінше,10 пайыздан басталатын алғашқы жарна болған жағдайда, несиелер жылдық 2% және 5% мөлшерлемесімен (ЖТСМ 2% және 5,2% бастап сәйкесінше) беріледі. Несие мерзімі 20 жылға дейін болады.

Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдарда баспана алу кезегінде тұрған азаматтардың келесі санаттары жылдық 2% мөлшерлемесімен (ЖТСМ 2% -дан бастап) қолжетімді несие алуға өтініш бере алады:

  1. Бірінші және екінші топтағы мүгедектер;
  2. Мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
  3. Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
  4. "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған көп балалы отбасылар, көп балалы аналар.

Қазір осы төрт санат бойынша 227 мың қазақстандық баспана кезегінде тұр. Оның ішінде 51 мыңы 1 және 2 топтағы мүгедектер.

Сондай-ақ, мүгедектік бойынша жәрдемақы қосымша табыс ретінде ғана қарастырылады. Егер мүмкіндігі шектеулі азаматтың кірісі болмаса немесе жеткіліксіз болса, онда ол қосымша қарыз алушыларды тарта алады. Ал бұрын бұл мақсатқа тек жақын туыстары – күйеуі немесе әйеліне, я болмаса кәмелеттік жасқа толған балаларына ғана кепілгер ретінде қатысуға рұқсат берілетін.

"1 және 2 топтағы мүгедектігі бар азаматтарды қолдау үшін және олардың баспана мәселесін шешуге көмектесу мақсатында қосымша қарыз алушылардың тізімі кеңейтілді. Енді кепілгер ретінде олардың туған ата-анасын, асырап алған ата-анасын, асырап алған балаларын, бір ата-анадан туған және бір ата-анадан тумаған аға-інілері мен апа-сіңлілерін, сондай-ақ атасы, әжесі, немерелерін және үшінші тұлғаларды тартуға болады. Пәтер сатып алу мәмілесі тікелей мемлекеттік бағдарламаға қатысушымен жасалатын болады. Бұл жағдайда 1 және 2 топтағы мүгедек еңбекке жарамсыз болса, өкінішке қарай ол мемлекеттік бағдарламаға қатыса алмайды", – дейді банк өкілдері.


Оқи отырыңыз: "Шаңырақ", "Ұмай", "Жас отбасы". 2022 жылы баспаналы болудың жеті жолы


Тағы бір жаңашылдық – кредит алу барысында барлық санаттар үшін кіріске шектеу қойылмайды.

Бұған дейін мемлекеттік бағдарламалар бойынша отбасының әрбір мүшесінің соңғы алты айдағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1-нен (2%-дық мөлшерлеме бойынша несие алу үшін) және 3,7-ден (5%-дық мөлшерлеме бойынша несие үшін) аспауы керек деген талап бар болатын.  Ол тиісінше 125 757 және 150 098 теңгені құрайтын. Мәселен, бұл сома белгіленген нормадан кем дегенде 100 теңгеге асып кетсе, отбасы қолжетімді заемнан қағылып, баспана мәселесін шеше алмайтын.

"Қатысушылар кредиттің ең жоғарғы сомасы бойынша шектелмейтін болады. Бұрын аймаққа байланысты ол 10 миллионнан 18 миллион теңгеге дейін болатын. Енді кредит сомасы пәтер құнына негізделіп, тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің бағасынан қалыптасады. Әлеуметтік тұрғын үй 3-4 жайлылық класына сәйкес келіп, пәтердің максималды ауданы 80 шаршы метрден аспайтын болады", – делінген банк мәлімдемесінде. 

Тағы бір өзгеріс – "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша, өз аймағында лайықты баспананың жоқтығынан, былтырғы жылдан бері жеңілдетілген заем ала алмай жүрген "Бақытты отбасы" қатысушыларының өтініштері 2023 жылдың 15 тамызында жойылатын болады. Бірақ, бұл ережеге "Толық емес отбасы" санатына жататын, сондай-ақ белгілі бір нысанға өтініш беріп, қазір заем алу барысында тұрған азаматтар ғана бағынбайды. Ал, өтінімдері жойылған азаматтар жаңа бағдарламаға қатысу мүмкіндігін алады.

Баспана алу кезегінде тұрған қалған азаматтар жылдық 5% мөлшерлемесімен (ЖТСМ 5,2%-дан бастап) қолжетімді заем алуға өтініш бере алады.


Оқи отырыңыз: Отбасы банкі ипотека бойынша алдын ала төлем сомасын азайтуды жоспарлап отыр


Сонымен қатар, енді мемлекеттік бағдарламаға қатысу туралы өтінімдер otbasybank.kz жылжымайтын мүлік порталында қабылданатын болады. Демек, бұдан былай өтінімдерді жалпылама қабылдау болмайды. Яғни мемлекеттік бағдарламалардың әлеуетті қатысушылары енді бірден белгілі бір аймақтағы нақты нысандағы, нақты пәтерді таңдап өтінім беретін болады.

"Мәселен, қазіргі таңда жылдық 2% мөлшерлемемен (ЖТСМ 2%-дан бастап) заем алып, азаматтар қоныстана алатын нысандар Шымкент пен Ақтөбе қалаларында дайын. Бұл бірінші кезеңде мемлекеттік бағдарламаға осы екі облыстың тұрғындары ғана өтініш беріп, қатыса алады деген сөз. Қалған өңірлердің тұрғындары жергілікті атқарушы органдармен салынатын белгілі бір өңірдегі жылжымайтын мүліктің дайын болу уақытына қарай бағдарламаға қатыса алады. Банктің сайты мен әлеуметтік желілеріндегі ақпаратты қадағалап отыруларыңызды сұраймыз", – делінген банк хабарламасында.

Айта кетейік, 2020-2025 жылдарға арналған "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша 16 мыңнан астам адам баспаналы болған.

Серіктестер жаңалықтары