Отбасы банк салымшылары "Баспана маркет" порталындағы жеке кабинеттерінде өтемақы алуға онлайн өтініш жолдай алады. Бұл мүмкіндік 2022 жылдың 1 қазанында сағат 10:00-ден бастап қолжетімді болады, деп хабарлайды банк баспасөз қызметі.
"Өтемақы алу жөніндегі өтінішті Otbasy bank мобильді қосымшасы арқылы жолдауға болады. Бұл опция 2022 жылдың қазан айының соңына дейін іске қосылады. Сондай-ақ, Отбасы банк кеңесшілері де өтініштерді қабылдаумен айналысатын болады. Олардың көмегімен әрекетке қабілетсіз тұлғалар, кәмелетке толмаған салымшылар, оның ішінде балалар үйінің тәрбиеленушілері өз салымдары бойынша өтемақы төлеуге өтініш жолдай алады. Бұл мүмкіндік 2022 жылдың 1 қазанынан бастап қолжетімді болады. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 27 тамыздағы № 614 қаулысымен бекітілген тәртіпке сай, "Отбасы Банк" АҚ салымшылары жеке тұлғалардың ұлттық валютада (теңгеде) орналастырылған депозиттері бойынша өтемақы төлену қағидаларында көзделген шарттарды сақтай отырып, 2022 жылғы 23 ақпандағы жағдай бойынша салымдары бойынша жинақтары үшін 10% көлемінде өтемақы ала алады", – делінген хабарламада.
Өтемақы өтініш беру арқылы төлем келісімін растаған салымшыларға ғана төленеді. Есептелгенге дейін депозитін сақтаған салымшыларға өтемақы төленеді.
Оқи отырыңыз: "Бір аптада баспаналы болдық": Әйелдерге арналған "Ұмай" ипотекасы несімен ұтымды?
"Салымды бөлу арқылы ақша депозиттен ішінара алынған болса, онда өтемақы жинақталған салымның ең аз қалдығына есептеледі. Оның үстіне 2022 жылдың 23 ақпанынан кейін салымға толықтырылған қаражат есепке алынбайды. Егер банк салымшысында аралық және алдын ала тұрғын үй займдарын алу мақсатында, оның ішінде үшінші тұлғалардың міндеттемелері бойынша депозит қамтамасыз ету ретінде берілген салымы болса, онда ол да тиісті өтемді алады", – деді банктегілер.
Жақын туыстарға (тегін) тағайындалған салымдар, сондай-ақ біріктірілген депозиттерге де өтемақы беріледі.
2022 жылдың 24 ақпанынан 2023 жылдың 23 ақпанына дейінгі кезеңде (қоса алғанда) төменде көрсетілген жағдайлар бойынша өтемақы төленбейді:
- депозит жабылса;
- депозит кепіл ретінде болған, ізінше несие салымның тоқтатылуымен толық өтелген жағдайда;
- депозит бойынша тұрғын үй заемына көшкен, оның ішінде автоматты түрде көшкен салымдар бойынша;
- онлайн табыстау арқылы сатылған немесе сатып алынған депозиттер бойынша.
Оқи отырыңыз: Ең төмен пайыз, ең ұзақ мерзімдер: мемлекеттік ипотекалардың толық тізімі
Өтемақы салымшыларға 2023 жылдың 23 ақпанынан кейін, Отбасы банкіге ақша түскен сәттен бастап 2 жұмыс күні ішінде депозиттерге аударылады. Өтемақы алу үшін бөлек шот ашудың қажеті жоқ. Егер салымшының жалпы қалдық сомасы 20 млн теңгеден асатын екі және одан да көп депозиттері болған жағдайда, өтемақы салымдар сомасына пропорционалды, бірақ белгіленген өтемақы сомасынан аспайтын депозиттерге есептеледі.
Отбасы банкіндегі депозиттер бойынша өтемақы алу туралы өтініштерді қабылдау 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін (қоса алғанда) жалғасады.