Ашық диалог порталында ел азаматтарының бірінен Отбасы банкінің тұрғын үй несиесін рәсімдеу мүмкіндігін екі айға тоқтатқаны туралы қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың атына шағым түскен болатын. Оның жазуынша, Отбасы банкі салымшылары 2022 жылғы желтоқсаннан 2023 жылғы наурызға дейін депозиттерін жақындарына бере алмайтынын хабарлаған. "Соған орай, көптеген адам тұрғын үй несиесін екі ай бойы рәсімдей алмайды" деп шағымданды ел тұрғыны.
Информбюро порталы бұл орайда Отбасы банкіне хабарласып, мәселенің анық-қанығын білді.
Банктің түсіндіруінше, пост-депозиттік операцияларды тоқтату жыл сайын, мемлекеттік сыйақыны төлеу кезінде болады. Бұған заң бойынша екі ай уақыт беріледі. Дегенмен, мемлекет қаражаты Отбасы банкіне түскеннен кейін оны клиенттердің шотына аударуға 3-5 күн уақыт кетеді. Мысалы, 2022 жылы 1,7 млн салымшыға 62,2 млрд теңге қаражат 7 ақпанда аударылған.
"2023 жылы бұл кезең 1 қаңтардан депозиттер бойынша өтемақы төленгенге дейін созылады. Бұл туралы банк өз клиенттерін уақытылы хабардар етті, сондықтан оларда қажетті операцияларды алдын ала істеуге не кейінге қалдыруға уақыт болды. Бұл ретте несие алуға, оның ішінде тұрғын үй несиесін кез-келген уақытта рәсімдеуге болады. Бұл операцияға шектеу жоқ", – делінген Отбасы банкінің жауабында.
Оқи отырыңыз: Отбасы банкі бюджеттік несие есебінен 2 мың адамға ипотека беруді жоспарлап отыр
Отбасы банкінде ашылған депозиттер бойынша ондаған операция жасауға болады. Атап айтқанда, депозит бойынша құқық пен міндеттемелерді басқаға беру, депозиттерді біріктіру, тарифтік бағдарламаны өзгерту және тағы басқалар.
"Мемлекет сыйақысы көптеген клиенттерге төленетіндіктен, қате жібермеу мақсатында пост-депозиттік операциялар уақытша тоқтатылады", – деп хабарлады банктің баспасөз қызметі.