Құтқарушылар қызметіне арналған телехикая жарыққа шықты. Ол шынайы оқиғалар негізінде түсірілген, деп хабарлады Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Жобаның түсірілім жұмыстарына отандық киноматография актерлері, сондай-ақ Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаментінің, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі апаттар медицинасы орталығының, республикалық жедел-құтқару жасағының қызметкерлері тартылды.
"Телехикая желісі табысты кәсіпкердің інісінің баласы Асланды Алматы қаласындағы төтенше жағдай департаментіне жұмысқа орналастырудан басталады. Аслан төтенше жағдайларды жою басқармасы командасының құрамына кіреді. Оның командасы қаладағы барлық төтенше жағдайға ден қояды, кезекшілікке кіріседі, өртті сөндіреді, адамдарды құтқарады және сонымен бірге қалыптасқан ұжыммен достасуға тырысады. Уақыт өте келе Аслан құтқарушының жұмысы ол ойлағандай оңай емес екенін және әріптестерінің құрметіне ие болуға тырысу керек екенін түсіне бастайды", – делінген хабарламада.
Оқи отырыңыз: Міржақып Дулатұлы мен Мағжан Жұмабаев туралы телехикая түсіріледі
Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қазіргі таңда өрт сөндіруші-құтқарушылар мен жүргізушілердің 200-ден астам бос лауазымы бар.