
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі биылғы Рамазан айының қашан басталатынын ресми жариялады.
Бөлімнің пәтуасына сәйкес, қасиетті Рамазан айы 1 наурызда басталады. Ал наурыз айының 26-нан 27-не қараған түн – қасиетті Қадір түні. 30 наурыз – Ораза айт мерекесі.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісінде пітір садақасы Қазақстан бойынша екі келі ұнның орташа бағасы негізінде 655 теңге болып бекітілді.
Оқи отырыңыз: 2025 жылғы ораза кестесі: Қазақстан қалалары мен елді мекендері
"Алдағы күндері күллі мұсылман үмбеті асыға күтетін айлардың сұлтаны – Рамазанға қадам басамыз. Бұл ай – береке мен мейірімнің, сабыр мен сауаптың кезеңі. Сондықтан, дайындық жұмыстарына аса жауапкершілікпен қарауымыз керек. Біз мешіттерімізде жамағаттың құлшылықтарын ыңғайлы әрі жүйелі ұйымдастыру, ауызашарлар өткізу, қайырымдылық шараларын жандандыру, тарауық намазын дұрыс жүйелеу секілді мәселелерді талқылап, тиісті шараларды пысықтауымыз керек. Сондай-ақ, халыққа діни ақпаратты кеңінен тарату, оразаға қатысты сұрақтарға жауап беру, пәтуаларды дер кезінде ұсыну – біздің басты міндетіміз", – деді Бас мүфти.