Тікелей эфир

Оралхан Бөкей туралы "Шолпандай таң алдында туып-батты" кітабы жарық көрді

Кітапта Оралхан Бөкей туралы мақалалар мен естеліктер жинақталған.

Астанада көрнекті жазушы, драматург, журналист Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына арналған бірқатар іс-шаралар өтті. Шаралар легі Ұлттық кітапханада Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына орай өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесімен басталды. ҚР Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаров президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан мерейтоймен құттықтап, ресми құттықтау хатын табыстады.

"Оралхан Бөкей – ұлт руханиятының көкжиегін кеңейтуге зор үлес қосқан біртуар тұлға. Қарымды қаламгер әдебиет әлеміне алғаш қадам басқан сәттен бастап шоқтығы биік шығармаларымен оқырман қауымның ықыласына бөленді.  Жазушының жауһар мұралары көптеген шет тіліне аударылды, пьесалары еліміздің іргелі өнер ордаларында қойылып, көрермен көзайымына айналды. "Алтайдың Кербұғысы" атанған ерекше дарын иесінің шығармашылық жолы, азаматтық ұстанымы және қайраткерлік қасиеті – жастарға әрдайым үлгі-өнеге. Оның мол әдеби мұрасы әлі талай ұрпаққа рухани азық бола беретіні сөзсіз", – делінген Президенттің құттықтау хатында.

Ұлттық академиялық кітапханада өткен конференцияға мәдениет пен қоғам қайраткерлері, жазушылар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Келген қонақтарға Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына арналған мерейтойлық медаль салтанатты түрде табысталып, "Шолпандай таң алдында туып-батты" кітабының тұсауы кесілді.

Конференцияда ғалым, алаштанушы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Сағымбай Жұмағұл баяндама жасап, абайтанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай, журналист, мәжілісмен Нұртөре Жүсіп, жазушы, публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алдан Смайыл сөз сөйледі.

"Бірнеше жылдан бері Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қоры республика көлемінде көптеген жобаларды жүзеге асырып келе жатыр. Аймақтардағы жобаларымызда стратегиялық, экологиялық, туристік бағытқа басымдық берген едік. Биылдан бастап біз мәдениетке көңіл бөлуді шештік. Өйткені тұрақты дамудың негізін білім беру мен экономикалық даму тұрғысынан ғана емес, ұлттық құндылықтар жағынан да қарастыруға ұмтылдық. Осы тұрғыда көрнекті жазушы, драматург, ақын Оралхан Бөкейдің мерейтойына мән беруді шештік. Катонқарағайдан бастау алған мерейтой бүгінде Астанада жалғасын тапты. Өздеріңіз білетіндей, мерейтой Алматыда республикалық айтыспен аяқталады", – деді Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қорының басшысы Серік Жүнісов.


Оқи отырыңыз: Қазақстан мектептерінде тұңғыш рет "Ақындар айтысы" байқауы болады


Айта кетсек, Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына арналған шаралар жазушының туған жері Шығыс Қазақстан облысындағы Катонқарағай ауданынан басталды. Мерейтойды республикалық көлемде атап өту Ауылдық аймақты тұрақты дамыту қорының ұйытқы болуымен өтіп жатыр. Іс-шаралар легі 28-30 қыркүйек күндері Алматы қаласында жалғасады. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары