Тікелей эфир

Орал қаласында бигбег өндіретін жаңа зауыт ашылды

Іс-шараға облыс әкімі Нариман Төреғалив қатысып, жас кәсіпкерлерді құттықтап, алдағы жұмысқа сәттілік тіледі.

Іс- шараға облыс әкімі Нариман Төреғалив қатысып, жас кәсіпкерлерді құттықтап, алдағы жұмысқа сәттілік тіледі. Қуаттылығы жылына 5 млн бірлік болатын жүктерге арналған бигбег өндіретін зауыттың ашылуына бизнес-қоғамдастық пен кәсіпкерлік өкілдері де жиналды. Салтанатты ашылу рәсімінде облыс әкімі Нариман Төреғалиев жібек бауды қиып, өңірдің экономикалық дамуы мен жаңа жұмыс орындарын құруда жаңа кәсіпорынның маңыздылығын атап өтті. 

"Механикалық зауыттың шаңырағында жақсы осындай өндіріс ашылып жатыр. Бұл БҚО үшін үлкен жоба. Мердігер жобаға біраз қаржы салды. Сондықтан өңір үшін ғана емес, Қазақстанның дамуына да өндіріс ошағы зор үлес қосады деп сенеміз. "Біз экономиканың өсімін кемінде 6-7 пайызға жеткізуіміз керек. Ол үшін бизнестің жеке бастамаларына барынша қолдау көрсету қажет. Осы бағытта біраз шаруа атқарылды" деп Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, біз кәсіпкерлікті қолдауға дайынбыз. Алда да атқарылар жұмыс көп", – деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев өз сөзінде. 

Компания өндірісті ашу үшін 3 млн АҚШ долларынан астам инвестиция салған. Зауытта сапалы өнім шығаруға мүмкіндік беретін жаңа заманауи жабдықтар орнатылыпты. Шығарылған өнім барлық стандарттарға сай және мемлекеттік бағдарламаларға сәйкес келеді, соның ішінде экспортты дамытуға бағытталған. Қазірдің өзінде компанияның өнімдерін Норвегия, Польша елдерінен сатып алуға дайын әлеуетті тұтынушылары бар екен. Зауыттың ашылуы өнеркәсіп және экспорт көлемін ұлғайтуға, сондай-ақ салық базасын арттыруға және 100-ден астам жұмыс орнын құруға, сол арқылы өңір тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп күтіліп отыр. 

Қазіргі уақытта бигбег үнемділігі мен тиімділігіне байланысты танымал бола бастады. Матадан жасалған қаптардың басты артықшылығы- әртүрлі сусымалы жүктерді тасымалдауға ыңғайлылығы. Минералды тыңайтқыштар, дәнді дақылдарды, құрылыс материалдарын сақтауда қолданылады. Бигбегтер қазіргі заманғы логистика және көлік индустриясының маңызды элементіне айналуда. Зауытта қазір отыз шақты адам жұмыс жасайды екен. Жұмысшыларға барлық жағдай жасалған.  

"Бүгін ресми түрде жаңа бигбег зауытының ашылуы болып жатыр. Біз жұмысты қыркүйек айында бастадық. Зауыттың қуаттылығы жылына 5 миллион бірлік өнім өндіруге мүмкіндік береді деген ойдамын. Алдағы уақытта 100-ден астам жұмыс орнын құрамыз. Экспорт тек Қазақстан мен Ресейде ғана емес, сонымен қатар Еуроодақ пен Балтық елдеріне де өнім  шығарылады" – деп атап өтті зауыт директоры Герман Медведев.

Айта кетейік, облыс әкімінің айтуынша, жылдың аяғына дейін тағы жаңа 4 жоба ашылатын болады. Бұл тізім бойынша кірпіш, минералды су шығару зауыты, құрылыс және күнбағыс зауытында қосымша жоба ашу жоспарлануда.

 

Серіктестер жаңалықтары