Қазақстанда оқырман саны 20 мыңнан асатын блогерлердің кірісі мен шығысы жіті тексеріліп жатыр. Үкімет мәселені қолға алды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Қаржы министрі Мәди Тәкиевтің айтуынша, қазір қазақстандық блогерлердің кірісі мен шығысындағы айырмашылық 1 миллиард теңгеден асқан. Демек, беймәлім табысы көп.
“Бүгінде біз тізім жасадық. Оған оқырман саны 20 мыңнан асқан 745 блогер кірді. Соның 162-сінде ғана кіріс пен шығыс айырмашылығы 1 миллиард теңгегеден асқаны анықталды. Сондықтан осы мәселе бойынша тиісті жұмыстарды қолға алуымыз қажет”, – деді министр.
Ал әлеуметтік желідегі парақшасымен ақша табатындардың бірі Азамат Ырзағалиев оқырман саны 20 мыңнан асқан блогердің бәрін бай-манаптардың қатарына жатқызу жансақ пікір дейді.
“Бұл салада да бес саусақ бірдей емес. Сондықтан блогерлердің шотындағы ақшаның санын емес, әуелі оның қалай келгеніне назар аударса. Біреу табысты, біреу өтірік алдап ақша табады. Шын әділ жұмыс істеп жатқанның өзінде де жақсы табысы барлар да бар. Олар налог төлеп жатыр. Онда тұрған ештеңе жоқ. Ал енді кейбіреулері миллиардтап табатыны рас. Оларды расында тексеру қажет. Не сатып жатқаны, қалай тапқанын”, – деді блогер.