Тікелей эфир

Оқушылар арасында сколиоз 2 есе артты. "Жайлы мектептердің" барлығында ыңғайлы жиһаз бен жеделсаты болады

Балаларға ыңғайлы болу үшін жаңадан салынатын барлық мектепке оқу құралдарын ауыстырып, киім сақтауға арналған жеке шкафтар орнатылады.

Оқу-ағарту министрлігі Қаржы және бюджеттік жоспарлау департаментінің директоры Ғалымжан Молдаш Білім саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесінде қазіргі уақытта ешбір мектепте лифт жоқ екенін айтты.

"Соңғы жылдары оқушылар арасында сколиоз дерті 2 есе артқан. Себептердің бірі – оқушыларды партаға отырғызғанда бойы мен жас ерекшелігін ескермеу. "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында жиһаздарға назар аударылды. Сонымен қатар, балаларға ыңғайлы болу үшін жаңадан салынатын барлық мектепке оқу құралдарын ауыстырып, киім сақтауға арналған жеке шкафтар орнатылады", – деді департамент директоры.

Сондай-ақ, ол әрбір мектепте пандус және көтергіштер, лифт және санитарлық тораптар болуы керектігін айтты.


Оқи отырыңыз: Аймағамбетов: "Жайлы мектеп" үшін қосымша грант бөліп, мұғалім даярлау қажет емес.


"Қазіргі уақытта ешбір мектепте лифт жоқ. Бұдан былай енді салынатын барлық мектеп лифтпен жабдықталады. Ұлттық жобаны іске асыруға 30-дан астам мемлекеттік орган мен ұйымдар қатысып жатыр. Әрқайсысының өз рөлі мен жауапкершілігі бар. Оқу-ағарту министрлігінің рөлі – ұлттық жобаны сапалы іске асыруда әдіснамалық сүйемелдеу және бақылау. Samruk-Kazyna Construction мен өңір әкімдіктері мектептердің сапалы салынуына және уақытылы пайдалануға берілуіне жауапты болады", – деді Ғалымжан Молдаш.

Серіктестер жаңалықтары