Грузия мен Оңтүстік Кореяда қазақстандықтар зардап шеккен жоқ. Бұл туралы ҚР сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев мәлімдеді.
СІМ мәліметінше, қазіргі кезде осы екі мемлекеттегі Қазақстан елшілігіне өтініш түспеген. Сондықтан арнайы борт жіберу мәселесі қарастырылмайды.
"Әскери іс-қимыл жүріп жатқан елдерге ғана Қазақстан азаматтарын алдыру үшін арнайы борт жіберіледі. Мәселен, Украинаға, Газа секторы мен Израильге арнайы рейстер жібердік. Оңтүстік Корея мен Грузия туралы айтсақ, ондай қажеттік көріп тұрған жоқпыз. Ешкім ондай өтініш айтпады. Өтініш болса, қарастырамыз", – деді Әлібек Бақаев Мәжілісте өткен брифингте.
Сыртқы істер министрлігі басшысы орынбасарының айтуынша, қазір Оңтүстік Кореяда 30 мыңнан аса Қазақстан азаматы бар.
Айта кетейік, 3 желтоқсанда Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёл елде әскери жағдай жариялады. Кейінгі ақпарат бойынша, Юн Сок Ёл әскери жағдайды алып тастауға келісті.