Қазақстан азаматтары арнайы әзірленетін интернет портал арқылы петиция бере алады. Бұл туралы "Қоғамдық бақылау туралы" заң жобасында жазылған. Алайда, халықтың 42 пайызы ауылдық жерлерде, интернеті жоқ немесе интернет жылдамдығы төмен елді мекендерде тұрады. Олар азаматтық пікірін қалай білдіреді? Бұл туралы журналистер ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәліден сұрады.
"Бұл заң бүгінді ғана емес, болашақты да қамтиды. Алдағы уақытта барлық жер интернетпен қамтылады. Қазір ауыл тұрғындары өтініштерін өздерінің әкімдіктеріне немесе Қазпоштаға, ХҚКО сияқты мемекелерге немесе тікелей министрлікке жібере алады. Біз оларды рәсімдеп, платформаға орналастырамыз. Ол аудан, облыс немесе республикалық деңгейдегі өтініш болса да, тиісті жауап беріледі. Мұнымен біз айналысамыз. Сондықтан ешкімнің сұрағы елеусіз қалмайды", – деді министр.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда петиция беруге арналған ресми сайт ашылады. Оның талаптары қандай?
Дархан Қыдырәлі "Қоғамдық бақылау туралы" заң жобасының азаматтардың қоғамдық өмірге мейлінше араласуына, қоғамдық бақылау орнатуына, атқарылып жатқан жұмыстарды қадағалауына мүмкіндік беретінін айтты.