"Өңірлерде облыстық құрамалардың дайындығы бей-берекет жүргізіліп жатыр. Спорт түрлерінде жас ерекшеліктеріне қарай жауапты жаттықтырушылар жоқ. Сондықтан өңірлерде осы жұмыстардың барлығын орталықтандырып, жауапты мекемені белгілеу мақсатында министрлік жоғары спорт шеберлігі мектептерін Спортты дамыту дирекциясы етіп қайта құруды ұсынып отыр", – деді спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев.
Оқи отырыңыз: "Балаларды атбегілікке баулимыз". Оралдық ұстаздар қалай ұлттық ат спортын дамытып отыр?
Республикада аккредиттелген 179 спорт түрі бар. Олардың бәріне саралау бойынша мемлекет тарапынан қаражат қарастырылған. Алайда Самат Ерғалиев спорт түрлерінің бәрін бірдей толыққанды дамыту мүмкін емес екенін айтады. Сондықтан министрлік 10 жылда өткен Олимпиада, Азия ойындарындағы ұлттық құрама командаларының жетістіктерін ескере отырып, басым спорт түрлерінің тізімін анықтаған. Оған 15 спорт түрі кірген: бокс, ауыр және жеңіл атлетика, жүзу, велоспорт (тас жол), дзюдо, әйелдер күресі, грек-рим күресі, еркін күрес, таеквондо, биатлон, мәнерлеп сырғанау, фристайл, шаңғы жарысы.
"Олардың ішінде тек 6-7 спорт түрі Олимпиада да және Әлем чемпионаттарында жақсы нәтижеге қол жеткізіп жүр. Осы 15 спорт түрінен өңірлердің жұмысын бағалау жүйесі әзірленеді. Спорт ғалымдары мен білікті мамандарды осы спорт түрлерін дамытуға жұмылдырамыз", – деді спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы.