Алматыда Праднья Йога институтында Үндістан елшісі Нагендра Прасадтың қатысуымен Аюрведа күні атап өтілді. Іс-шара Свами Вивекананда атындағы мәдени орталық қолдауымен ұйымдастырылды.
Аюрведа – мыңдаған жылдар бұрын Үндістанда пайда болған денсаулық сақтаудың ең ежелгі жүйесі. Аюрведа сөзі "өмір сүру туралы білім" деп аударылады. Бұл мереке үнді дәстүрлі медицинасы Аюрведаның атасы саналатын Дханвантаридің туған күнінде тойланады. Аюрведа күні әлемде 8 жыл қатарынан тойланып келе жатыр. Биылғы ұраны – "Бір әлем – бір денсаулық". Біріккен ұлттар ұйымы халықаралық йога күнін белгілегендей, Аюрведа күні де әлемнің түкпір-түкпірінде атап өтіледі.
Праднья Йога институтының директоры Сандип Джи денсаулықтың қаншалықты маңызды екенін айта келе, қатысушыларды жан мен тән саулығына мән беруге шақырды.
15 жыл бұрын өзге елдер бұл жүйеге күмәнмен қараған. Үндістан үкіметі шетелдіктерді өз еліне шақырып, дәрі-дәрмектің қалай жасалатынын көрсеткен. Содан кейін ғана бірге жұмыс істеп, шетелдік дәріханаларда сатыла бастады. Үндістан елшісі барлық халықаралық стандарттар сақталатынын айтты.
"Бүгін әсем Алматыға Аюрведа күнін тойлауға келдім. Аюрведа дәстүрлі медицина ғана емес, ол ғылыммен де, әртүрлі ем-шаралармен де біріктірілген, яғни интегративті медицина деуге болады. Йога секілді аюрведа да Қазақстанда танымал бола түседі деп ойлаймын. Аюрведаның түпкі мәні – денсаулықты сақтау, ауырмай-сырқамай ұзақ өмір сүру", – деді Үндістан елшісі Нагендра Прасад.
Сан-Францискода бас консул қызметін атқарған Нагендра Прасад жақында ғана Үндістанның Қазақстандағы елшісі қызметіне кірісті. Ол сөз арасында екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің маңызды екенін атап өтті.
"Үндістан үшін Қазақстан Орталық Азиядағы үлкен әрі ерекше мемлекет. Қазір біз сауда-саттықты арттыру, мәдени даму, технологияларды игеру, адамдарды байланыстыру үшін бірге жұмыс істеп жатырмыз. Қазақстанға келген бойда сондай әдемі ел екенін байқадым. Мұнда цифрлы технологиялар қарыштап дамып кеткенін көрдім. Технологиялардың дамуы мәселелерді шешуде, адам өмірін жеңілдетуде және оларды бақытты қылуға бағытталса құба-құп. Қазақстанның бұл жетістігі ғылымға, жаһандық дамуға әсер етері сөзсіз. Үндістан мен Қазақстан технология, сауда, туризм саласында әлі көп нәрсе жасай алады. Алматы мен Дели арасында қатынайтын тікелей әуе рейсі туризмді дамытуға, екі ел халқын байланыстырады. Сол себепті екі ел арасындағы байланыс тек дами береді деп сенемін", – деді Нагендра Прасад мырза.
Үндістаннан келген доктор Шравани да бір ғылымның өзі жеткіліксіз екенін, сол себепті адам әдеттерін, өмір салтын өзгерте отырып сау адамға айналатынын және дәл солай сау қоғам құра алатынын айтты.