Жаңа "Омикрон" штамы "Дельта" штамға қарағанда жұқпалы болуы мүмкін және ол көбінесе 20-30 жас аралығындағы азаматтарда анықталып жатыр, деп мәлімдеді Алматы қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова.
"Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, "Омикрон" штамының 32 мутациясы бар. Осының әсерінен оның жұқпалылығы мен антиденелерге қарсыласу қабілеті жоғары болуы мүмкін. ДДСҰ оны "алаңдатарлық штамм" деп бағалап отыр. Сондай-ақ, ол "Дельта" штамға қарағанда жұқпалы болып келеді. Көбінесе 20-30 жас аралығындағы азаматтарға жұғады. Бұдан өзге осы штаммен ауырып шыққан азаматтарға қайта жұғу қаупі бар", – деді Әсел Қалықова.
Департамент өкілі "Омикрон" штамының ең көп кездесетін белгілерін атады. Олар – шаршаңқылық, бас ауруы және дене қызуының көтерілуі. Мұнымен қатар, Әсел Салықова қазіргі сәтте ДДСҰ мамандарының ҚР аумағында зерттеу жүргізіп жатқанын айтты.
"Мамандар оның қаншалықты ауыр екенін, көрсеткіштерін және оған екпенің қаншалықты қарсы тұра алатынын зерттеп жатыр. (...). Бүгінгі таңда "Омикрон" штамы әлемнің оннан астам мемлекетінде анықталды. ВАК отырысында 3 желтоқсаннан бастап Қазақстан аумағында қолданысқа енетін шаралар туралы айтылды. Дәлірек, Ботсван, Оңтүстік Африка Республикасы, Висота, Зимбабве, Мозамбик, Мадагаскар, Исландия, Танзания, Малайзия, Гонконг азаматтарына Қазақстан аумағына кіруге тыйым салынды", – деді Әсел Қалықова.
Сондай-ақ, ол шетелдік азаматтар үшін екпе алғанына қарамастан, мерзімі 72 сағаттан аспаған ПТР-тест нәтижесін ұсыну ережесі бекітілетінін айтты.
"Бұдан өзге КВИ анықталған мемлекеттен келген азаматтар 7 күн карантинге жабылады. Қазірдің өзінде жаңа штамм Израиль, Чехия, Нидерланды, Бельгия, Ұлыбритания, Аустралия, Канада және Мысырда анықталып үлгерді", – деп қосты департамент басшысының орынбасары.
Еске салсақ, Қазақстанға 11 елден келуге шектеу қойылып, Египетпен әуе байланысы тоқтайтыны туралы хабарланды.