Елордада коронавирустық инфекциямен ауырғандар саны екі есе артты. Оған карантин талаптарының сақталмауы мен "Үнді штамының" таралуы себеп болып отыр. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова "Елорда тұрғындарын вакцинациялау" тақырыбында өткен онлайн-брифингте мәлімдеді. Бас дәрігердің айтуынша, елордада Covid-19 бойынша эпидемиологиялық жағдай өзгеріссіз, қала әлі де "қызыл аймақта" тұр.
Нұр-Сұлтанда 11 маусымнан бастап науқастардың саны артты. Соңғы аптада сырқаттанғандар саны тәулігіне 350-ден 620-ға дейін жетті. Тиісінше апталық көрсеткіш 2,8 есеге артты.
"Соңғы аптадағы ауру деңгейі өткен аптамен салыстырғанда 65% өсті. Өткен аптада 2 144 адам ауырса, қазір бұл індетті 3 544 адам жұқтырып отыр", – деді Сархат Бейсенова.
Оқи отырыңыз: Елордада екпе алғандар арасында екі бөлмелі пәтер ойнатылады
Жыл басынан бері қалада сырқаттанғандар саны 45 мыңнан асты. Пандемия басталғалы бері 63 968 жағдай тіркелді (оның ішінде 43 866 адамда ауру белгілері байқалады және 20 102 адамда байқалмайды).
Ересектер әлі де Covid-19 індетін жылдам жұқтырып жатыр, олар жалпы науқастың 79%-дан астамын құрайды.
"Аурудың күрт өсуін ескере отырып, науқастардан ПТР сынама алынды. Алдын ала нәтиже бойынша, 56% жағдайда аса қауіпті "үнді штамы" деп аталатын "Дельта штамына" тән мутация байқалды", – деді Сархат Бейсенова брифингте.
Қалалық Бас дәрігердің айтуынша, "үнді штамының" таралуына тұрғындардың карантин шарттарын ескермеуі мен вакцина салдырмауы себеп болып отыр.