Тікелей эфир

"Не қаулысы, не бұйрығы жоқ": Мәжіліс депутаты "Мақсатты мектептер" жобасына қарсы шықты

Ол заңнамалық рәсімдерден өтпестен жүзеге асырылып жатқан жобаларды қайта қарауды ұсынды.

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова Қазақстанда қолға алынған "Мақсатты мектептер" жобасын тоқтатуды талап етті. Оның айтуынша, ұстаздарды қолдаудың орнына сабақпен қабаттастырып оқытып, артық жүктемемен қинап жатқан, не қаулысы, не бұйрығы жоқ, не педагогикалық қауымдастықпен жария талқыланбаған мақсаты белгісіз "Мақсатты мектептер" жобасы тоқтатылуы тиіс. 

"Ұстаздардың біліктілігін арттыру қажет, бірақ ол заңды және жүйелі түрде жүзеге асырылуы тиіс. Егер бұл үдеріс заңсыз болса немесе қажетті жария талқылаулар мен ережелер сақталмаса, онда бұл білім сапасына және ұстаздардың кәсіби дамуына теріс әсер етеді. Әлеуметтік желілердегі ұстаздардың жанайықайы осының дәлелі", – деді мәжіліс депутаты.

Оның сөзінше, жоба ресми мақұлданбаса, педагогикалық қауымдастықпен талқыланбаса және операторларға жұмсалатын қаражат нақты қаулы немесе бұйрықпен негізделмесе жобаны жалғастыру қисынсыз.

"Мақсатты мектептер" жобасы ұстаздарды қолдаудың орнына артық жүктемемен қинап жатқандығы туралы ұстаздардың пікірлерін ескере келе, бұл жоба бойынша ашық қоғамдық талқылау өткізілмегендігін және ресми шешім Үкіметтің қаулысы немесе Уәкілетті мемлекеттік орган бұйрығымен рәсімделмегендігін негізге ала отырып, жобаны тоқтату қажет деп санаймын. Мұндай бастамалар, егер тиісті заңнамалық рәсімдерден өтпесе және ұстаздарға қолдау көрсетудің орнына қиындықтар туғызса, қайта қарастырылуы тиіс", – деді Жұлдыз Сүлейменова. 


Оқи отырыңыз: Оқушылар күзгі каникул кезінде қандай мәдени іс-шараларға тегін қатыса алады


 

Серіктестер жаңалықтары