Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік бағдарлама әр өңірдің салт-дәстүрін насихаттайтын Батыс пен Шығыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің керуенін күтіп алудан басталды. Бұл керуендердің құрамында әр өңірдің белгілі өнерпаздары мен спортшылары бар. Батыс керуенін елімізге білгілі әнші Тамара Асар, Шығыс керуенін дәстүрлі әнші Ардақ Балажанова, Солтүстік керуенін танымал эстрада әншісі Мадина Садуақасова, Оңтүстіктің керуенін жергілікті дәстүрлі әнші Наркенже Серікбаева бастап шықты.
Мұнан кейін ат құлағында ойнайтын спортшылар бәйге, қыз қуу мен теңге ілу секілді ұлттық спорт түрлерімізді көрерменге паш етіп, жұртшылыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов мерекеге жиналған Ұлыстың ұлы күні Әз-Наурыз мейрамымен құттықтады.
– Наурыз – барлық тіршілік атаулы жанданып, табиғаттың қайта түлейтін кезі. Бұл ізгілік пен мейірімділіктің, ынтымақ пен бірліктің, бейбітшілік пен молшылықтың мейрамы. Бүгін осынау Наурыз мейрамының қарсаңында ұлттық спорттың дамуына әсер ететін үлкен, жаңа, заманауи ипподромның ашылуына куә болып отырмыз. Бұл Шымкент қаласының жылдан жылға көркейіп, дамып келе жатқанының тағы бір көрсеткіші, – деді М. Әйтенов.
Мерекелік бағдарлама "Қаражорға" биімен қорытындыланады. Наурыз тойына жиналған көпшілік өнерпаздармен бірге би билеп, шаттанып жатты.
Ұлыстың Ұлы күні Наурызға арналған "GREAT QAZAQ GAMES" іс-шарасымен жалғасуда. Онда еліміздің барлық өңірлерінен және Түркия, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей, Сауд Арабиясы мен Иорданиядан келген спортшылар бақ сынауда. Олар 3 күн бойына көкпар, бәйге, қыз қуу, теңге ілу, аударыспақ, қазақ күресі, дәстүрлі садақ ату, тоғызқұмалақ және өзге де ұлттық спорт түрлері бойынша бақ сынайды.