Ауғанстан қазақтары пияз бен нан жеп отырғанын айтып, өздерін бұл елден алып кетуді сұрады. Бір күндік ақшасы тек 4 кг ұнға жетіп отырған қандастар өмір сүру тым қиындап кеткенін айтып, видео жолдаған. Сондайақ, аталған елде азықтүлік бағасының шарықтап кеткені белгілі болды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
"Жағдай қиын болып жатыр. Жұмыс пен ақша жоқ. Біз елшілікке қоңырау шалдық. Олар елшілікке келіңдер деді. Арада 2 мың км жол бар, ұзақ. Біз бара алмаймыз. Қазақстан үкіметінен бізді алып кетуін өтініп сұраймыз", – деді Ауғанстан қазағы Абдулқадір Ықыласбай.
Тағы бір отбасы арнаға пияз қуырып жеп отырған суретін жолдаған. Байланыс тым нашар болғандықтан, ұялы телефонға түсірген видеоларын жолдай алмаған. Қарауыл болып жұмыс істейтін ер азаматтар бір күн жұмысқа шықпай қалса, кішкене балаларының аш қалатынын айтады.
"Қазір өздерінің этникалық қазақ екендерін дәлелдеген 23 отбасы, яғни, 200 адам бар. Қазақстан аумағына қандастар ретінде кіруге ниет білдіргендермен тиісті жұмыс жалғасуда. Ауғанстанның қазіргі саяси-әскери ахуалын ескере отырып, қосымша эвакуациялау рейсінің уақыты туралы нақты айтуға мүмкіндік жоқ. Жақын арада елдегі жағдай тұрақтанып, қандастар Қазақстанға емін-еркін келе алатынына сенім білдіреміз", – деді ҚР сыртқы істер министрлігі жазбаша жауабында.